«Барыс» түздегі ойындар сериясын аяқтады

«Барыс» түздегі ойындар сериясын аяқтады

«Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының аясындағы алғашқы түздегі ойындар сериясын аяқтады. Үш ойыннан төрт ұпай. 

Алдымен Андрей Скабелке шәкірттері Нижнекамскіге қонаққа барып, жергілікті «Нефтехимик» командасын 6:1 есебімен ойсырата жеңді. Бұл кездесу жайлы жазғанбыз. Одан кейін, Татарстан астанасы Қазанда Құрлықтық хоккей лигасының өткен маусымдағы жеңімпазы «Ак Барстың» қақпасына үш шайба соқты. Бірақ, өкінішке қарай, өз қақпамызға төрт гол жіберіп алдық. Есеп – 3:4. Соңында қарқынын үдетіп, екі шайба соққан «Барыс» тағы екі-үш минут болғанда таразы басын теңестіріп қана қоймай, жеңісті жұлып та алар ма еді, бірақ, уақыт жетпей қалды.

Ал кеше елордалықтар Нижний Новгородқа қонаққа барып, Құрлықтық хоккей лигасының «Шығыс» конференциясында көш бастап тұрған «Торпедомен» кездесіп, 1 ұпай еншілеп қайтты.

Ойын «Барыс» үшін өте сәтті басталды. Бұған дейінгі кездесулерінің барлығында жеңіске жетіп жүрген «Торпедоға» тегеурінді қарсылық көрсетті. Бірінші кезеңде-ақ екі шайба соғып алған Андрей Скабелка шәкірттері бірінші үзілістен кейін де қарқындарын бәсеңдеткен жоқ. Дегенмен, айдын иелері де еңселерін тіктеп, шабуылға көше бастады. Үшінші кезеңнің ортасында «Барыс» 5:3 есебімен алға шықты. Алайда, жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Елордалықтар айдын иелеріне таразы басын теңестіруге мүмкіндік беріп қойды. Ал овертаймда «Торпедо» артық құрамды сәтті пайдаланып, жеңіс голын соғып кетті. Осылайша «Барыс» Нижний Новгородтан бір ұпай алып қайтты.

Түздегі үш ойыннан төрт ұпай. Жаман нәтиже емес. Ең бастысы, голдарымыздың көптігі қуантады. Үш матчта «Барыс» қарсылас қақпасына 14 шайба соқты. Бұл тұрғыда «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасында «Торпедодан» кейінгі екінші орында тұр.

Енді «Барысты» дәл осы командалармен өз жерінде өтетін ойындар сериясы күтіп тұр. Елордалықтар алдымен 12 қыркүек күні «Нефтехимикті» қабылдайды. Тағы екі күннен кейін «Торпедомен» текетіресіп, 16 қыркүйекте «Ак барсты» ұтуға тырысады

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или