Никита Михайлис: «Барыс» үлкен отбасы сияқты
Жерлестеріміз үшін жеңіспен аяқталған «Нефтехимик» – «Барыс» кездесуінде елордалықтар сапында Никита Михайлис ерекше көзге түсіп, екі нәтижелі пастың авторы атанды. Ойыннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысымен әңгімелесіп, аталмыш матчтан бөлек, карьерасы жайлы да сұраған едік.
- Ойын расын айтқанда, біз үшін өте тамаша өтті. Нағыз командалық ойын үлгісін көрсеттік, - деп бастады Никита Михайлис.
- Өткен маусымда «Барыс» ойынның екінші кезеңін өте сәтсіз өткізетін. Бұл жолы осы кезеңде 2:0 есебімен алға шықтық. Андрей Скабелка қандай өзгеріс әкелді?
- Ең бастысы, командалық ойын. Оның үстіне, қақпашымыз Хенрик Карлссон да жақсы ойнады. Сондықтан, қақпамыздың құлпы сенімді адамның қолында екенін сезініп, біз де алға бастық.
- Маусым алдында «Барыс» артық құрамда аса сәтті ойнай алған жоқ. Бұл жолы қорытынды шығара алған сияқтысыздар...
- Иә, ең бастысы, қақпаға көбірек шайба лақтыру керек екен. Шабуылдағы әріптестерімізді әдемі пастармен көбірек қамтамасыз етіп отыруға тырыстық.
- Бір жарым жылдық үзілістен кейін мұз айдынына Брэндон Боченски оралды. Оның ойынынан қаншалықты сабақ алуға болады?
- Өте шебер ойыншы. Оның істегенін қайталауға тырысасың. Мұз айдынының нағыз маэстросы. Өз басым, Брэндоннан көп нәрсе үйрендім.
- Никита, жалпы биылғы маусымнан не күтесіз?
- Маусым сәтті басталды. Осы қарқыннан таймауымыз керек. Бәріміздің де арманымыз бір – Құрлықтық хоккей лигасының жеңімпазы атанғымыз келеді. Өзіме келсем, командалықтан бөлек, жеке мақсатым, әр ойында неғұрлым көбірек ұпай жинап, әріптестерімді нәтижелі пастармен қамтамасыз етіп отыру.
- Әдетте, спортшылар өзіне баға бере бермейді. Сонда да, өзіңізді маусымға қаншалықты дайынмын деп ойлайсыз?
- Оны Лига барысында көреміз. Дайындығымыз жаман болған жоқ. Астанада жаттықтық. Маған ұнады. Бұған дейін шетелде жаттығу жиындарын өткізетінбіз. Жол адамды шаршатып жібереді. Ал Астанада рахат. Туған-туыстарың қасыңда. Еш зерікпейсің. Оның үстіне, бізде де жаттығуға барлық жағдай жасалған.
- Командаға жаңа қосылған ойыншылармен қаншалықты тіл табыса алдыңыздар?
- Командада бәріміз бір-бірімізбен жақсы араласамыз. Күнделікті өміріміз бір. Кейде өзіңнің жақын достарыңнан да көбірек бірге жүретін кездер болады. Жаңадан қосылған жігіттер де ұжымға бірден сіңісіп кетті. Бұл да біздің ешкімді алаламайтындығымыздың арқасы деп білемін. Рас, ағылшынша аса жақсы сөйлей алмаймын. Бірақ, хоккей тілі бәрімізге де түсінікті.
- Никита, әкеңіздің де кезінде әйгілі хоккейші болғанын білеміз. Бүгінде хоккей жайлы пікір алмасып тұрасыздар ма?
- Хоккей жайлы емес, көбінесе өмір туралы, тұрмыс туралы сөйлесеміз. Әке мен бала сияқты араласамыз. Дегенмен, әрдайым ақыл сұрап тұрамын. Хоккей туралы әңгіме бастайтын да өзім. Әкем мені кез келген мәселе бойынша әрқашан қолдайды.
- Жалпы, хоккейден бөлек, «Астана» Президенттік клубтың құрамына кіретін қай спорт түрлері ұнайды? Егер хоккейші болмағанда кім болар едіңіз?
- Көбіне баскетбол көремін. «Астана» баскетбол клубының ойындарын тамашалап тұрамын. Ал футболға аса қызығушылығым жоқ. Егер хоккейші болмағанымда, бәлкім регбиді таңдайтын ба едім. Маған спорттың бұл түрі жақын.