«Барыс» маусымды «Нефтехимикке» қарсы ойынмен бастайды
Ертең елордамыздың «Барыс» хоккей клубы үшін Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымы ресми түрде басталады. Жерлестеріміз Ресейдің Нижнекамск қаласына қонаққа барып, жергілікті «Нефтехимикпен» шеберлік байқасады, деп жазады «Астана» Президенттік спорт клубының баспасөз қызметі.
«Барыс» биыл маусымға дайындықты толығымен Астанада өткізді. Команданың бас бапкері ауысып, ойыншылар арасында да өзгерістер болды. Алайда, таяуда журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізген клуб басшылығы хоккейшілердің әр матчта тек жеңіс үшін алаңға шығатынын мәлімдеді.
Ал «Нефтехимик» өздерінің осы маусымдағы алғашқы ойындарын өткізіп үлгерді. Өз айдынында Мәскеу облысының «Витязь» командасынан жеңіліп қалған. Сондықтан, жанкүйерлерінің алдында өздерін ақтап алу үшін «Барысқа» қарсы барын сала ойнайтындықтары да түсінікті. Қалай десек те, матч аса тартысты және қызыққа толы болғалы тұр.
Қазақстандық жанкүйерлер ойынды тікелей эфирден Qazsport телеарнасы арқылы тамашалай алады. Трансляцияның басталуы 5 қыркүйек сағат 21:50.