Самат Данияр: «Барыстың» арқасында елордамызда шайбалы хоккей қарқынды дамыды

Самат Данияр: «Барыстың» арқасында елордамызда шайбалы хоккей қарқынды дамыды

Өткен маусымда «Снежные Барсы» сапында өнер көрсетіп, Жастар хоккей лигасында шайба қуған Самат Данияр биыл оқу-жаттығу жиынын «Барыспен» бастады. Болашағынан мол үміт күттіретін қорғаушымен сұхбаттасып, алдағы жоспарлары жайлы сұраған едік.

- Самат, «Барыспен» оқу-жаттығу жиынын өткіздіңіз. Қандай әсер алдыңыз? Қаншалықты қиын болды?

- Жастар хоккей лигасымен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей. Бәрі тез, жылдам және тартысты. Бәрін тез жасауың қажет. Ойлануға ешкім уақыт бермейді. Бұл мен үшін үлкен сынақ, әрі зор тәжірибе болды. Алдағы уақытта да «Барыспен» бірге жаттыға беремін деп үміттенемін.

- Жалпы, «Барыс» жайлы қандай пікірдесіз?

- «Барыс» – қазақстандық ойыншыларды Құрлықтық хоккей лигасына апарар тура, әрі жалғыз жол. Тек жақсы ойнасаң болды.

- Самат, жалпы хоккейге қалай келдіңіз? Алғашқы жаттықтырушыңыз кім?

- Ол кезде небәрі 4-ақ жаста болатынмын. Әке-шешем жетектеп апарған. Алғашқы жаттықтырушым Кисель Артем Викторович. Әлі күнге дейін күнара хабарласып тұрамыз. Ақыл-кеңестерін аямайды.

- Сіздің кішкентай кезіңізде елорда хоккейі қандай деңгейде еді?

- Біз «Барыстың» ойындарымен сусындап өскен буынбыз ғой. Команданың ойындарынан қалмайтын едік. Қазір «Барыс Арена» кешені салынды. Небір сырғанау алаңқайлары бар. Жаттығуға жақсы жағдай жасалған. Біздің бала кезімізде ондай нәрселер болмайтын. Тек №10 БЖСМОР-да ғана жаттығуға жағдай бар еді. «Барыстың» арқасында бәрі де дамыды.

- Бала кезіңіздегі пір тұтқан ойыншыңыз кім?

- Кумирім болған жоқ. Әлбетте, Америкадағы Ұлттық хоккей лигасының ойындарын теледидардан тапжылмай тамашалайтынмын. Әр ойыншыдан өзіме қажетті дүниелер алуға тырыстым.

- Ағаңыз Саянның да хоккейші екенін білеміз. Мұз айдынында төбелесіп қалған кездеріңіз болды ма?

- Жоға. Керісінше, екеуміз бір-бірімізге ақыл айтып, кем-кетігімізді түзеуге тырысамыз. Ол шабуылшы, мен қорғаушы. Үнемі бір-бірімізді қолдап жүреміз. Әлі күнге солай. Арамызда ешқандай бәсекелестік жоқ.

- Сіз Қазақстан жастар құрамасының көшбасшы ойыншысы саналасыз...

- О не дегеніңіз? Бізде ешқандай лидер деген түсінік жоқ. Әр ойыншы тізгінді өз қолына ала алады. Бәріміз бірге бір мүдде үшін ойнаймыз.

- Жалпы, лидер болу қаншалықты оңай немесе қиын?

- Иә, мен бала кезімде командамның капитаны болатынмын. Қазір де бапкер маған сондай міндетті тапсырады. Жауапкершілігі зор міндет. Бас бапкердің оң қолы іспеттессің.

- Соңғы әлем чемпионатында Қазақстан жастар құрамасы ерлік жасап, элиталық дивизионның жолдамасын жеңіп алды. Мұның құпиясы неде?

- Біздің командада ешқандай жұлдыз болған жоқ. Басқалар секілді атымыз жер жармады. Бірақ, біз жұмылған жұдырықтай бірге болып, барша қазақстандықтарды қуанту үшін барымызды салдық. Бар болғаны сол ғана.

- Енді Канадада өтетін әлем чемпионатынан не күтуге болады?

- Біріншіден, бұл үлкен тәжірибе. Мұндай мүмкіндік ендігәрі қайта бұйырмауы да мүмкін. Сондықтан, барымызды салып, жақсы жағымыздан көрінуіміз керек. Елдің абыройын асқақтатып, әр матчта жанкүйерлерімізді қуанта түсуіміз керек. Оның үстіне, элиталық кезеңде Қазақстан хоккейшілерінің де өнер көрсетпегеніне көп болды.

- Самат, жайлы хоккейден бөлек, спорттың қай түрлеріне қызығасыз?

- Футбол ұнайды. Әлбетте, ел чемпионатындағы ойындарын тамашалауға қол тие бермейді. Бірақ, «Астананың» Чемпиондар лигасындағы матчтарын жібермей көремін. Стадионға барып, жігіттерге қолдау көрсетемін. Сондай-ақ, боксқа жаным құмар. «Астана арландары» командасының Дүниежүзілік бокс сериясының финалына шыққанынан хабардармын. Қарсыласы кубалықтар екен. Жерлестерімізге сәттілік тілеймін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или