Хорватия футболшылары ӘЧ-нан алған барлық табысын қайырымдылыққа берді
Футболдан Хорватия ұлттық құрамасының барлық ойыншысы Ресейде өткен 2018 жылғы Әлем чемпионатынан алған барлық сыйақысын балаларға арналған көмек қорына табыс етті. Бұл туралы команданың бас бапкері Златко Далич өзінің Facebook парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz
«Құрама команда және барлық ойыншылар Әлем чемпионатынан алған ақшалай сыйақыларының барлығын Хорватияның балаларға көмек арнайы қорына табыстайды. Бұл қор Хорватияның өмірінде Адриат теңізін көрмеген әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан балалардың жазғы демалысын теңіз жағасында өткізуін қаржыландырады. Бұл - футболшылардың балалар үшін істей алатын амалдарының бірі», - деп жазды Златко Далич.
Еске сала кетейік, Әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған Хорватияға ФИФА 28 млн доллар сыйақы берілген болатын.
Францияға қарсы өткен финалдық ойын қарсаңында Хорватияның жартылай қорғаушысы Анте Ребич ауылдастарының несиесін жауып берген болатын. Сонымен қатар, Франция ойыншысы Килиан Мбаппе де сыйақысын қайырымдылық қорына бергенін хабарлаған болатынбыз.