Бейбіт Шүменов жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады
Бүгін Астанадағы «Барыс Арена» кешенінде қазақстандық боксшы Бейбіт Шүменов пен ұлты түрік Хизни Алтункая жекпе-жек өткізді, деп жазады Prosports.kz сайты.
Екі боксшы бірінші ауыр салмақтағы WBA вакантты чемпиондық белбеуін сарапқа салады. Кездесу 12 раундқа жоспарланған болатын. Екі жылдың үзілістен соң шаршы алаңға оралған Бейбіт Шүменов бабында екенін алғашқы минуттардан көрсетті. Жекпе-жектің орта тұсында шабуылға қарқынды шыға бастаған Бейбіт қарсыласынан әбден есеңгіретіп тастады. 9 раунд аяқталғанда Хизни Алтункая жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып, қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша, Бейбіт Шүменов бірінші ауыр салмақтағы WBA вакантты чемпиондық белбеуін иемденді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық боксшы әрі әнші Ибрагим Ескендір орыс боксшысын алғашқы минутта нокаутқа түсірсе, Еділ Қожамбердиев екінші раундта жеңіске жетті. Ал Миржан Рақымжанов кәсіпқой рингтегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Уәлихан Бисенқұлов әзірбайжандық қарсыласын ұтып, жеңіліссіз сериясын соза түсті. Кештің бесінші жекпе-жегінде Айдын Елжанов әзірбайжан боксшысын төрешілердің шешімі бойынша ұтса, Диас Тастеміров кездесуін уақытынан бұрын аяқтады. Сондай-ақ, Бобиржан Моминов грузин боксшысын ұтып, жеңіліссіз сериясын ұзартты. Арман Рысбек болса Сандро Терашвилиді алғашқы минутта нокаутқа түсірді. Қазақстандық боксшы Али Балоев қарсыласы әзірбайжандық Казим Умудовты ұтқан болатын.
Айдос Ербосынұлы сегізінші кездесуінде WBA Азия аймағының чемпиондық белбеуіне ие болды.