«Барыс» екі канадалық ойыншымен келісімшартқа отырды
«Барыс» хоккей клубы кеше екі ойыншымен келісімшартқа отырды. Команда сапын канадалық шабуылшылар Кертис Вок пен Патрис Кормье толықтырды, деп хабарлайды Prosports.kz «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Патрис Кормье биылғы маусымды АҚШ-та ҰХЛ-ден кейінгі екінші орынды алатын Америка хоккей лигасындағы «Манитоба Мус» клубында өткізіп, команданың капитаны болды. Айтпақшы, «Манитоба Мус» бұл әйгілі «Виннипегтің» фарм-клубы. Шабуылшы осы ұжымда 78 ойында 45 ұпай (22+21) жинады.
Сондай-ақ, 28 жасар форвард Ұлттық хоккей лигасында да ойнаған. 49 кездесуде 5 ұпай (1+4) жинапты. Бұдан бөлек, 2010 жылғы Әлем чемпионатында Канада жастар құрамасының капитаны болған.
Патрис Кормьемен «Барыс» 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін келісімшартқа отырды.
Ал Кертис Вок бұған дейін «Флориданың» фарм-клубы саналатын АХЛ-дағы «Спрингфилд Тандербердс» командасының намысын қорғаған Өткен маусымда өз командасының ең нәтижелі ойыншысы атанып, тұрақты чемпионаттың ТОП-10 сұрмергені қатарынан көрінген. 73 ойында 62 ұпай (20+42) жинапты. Ұлттық хоккей лигасында 2017 жылдың 14 қарашасында бір рет айдынға шығып, «Флорида Пантерс» сапында «Далласқа» қарсы ойнаған екен.
Бұл ойыншымен де «Барыс» 2019 жылдың 30 сәуіріне дейін келісімшартқа отырған.