Қазақстандық спортшы: Еуропада бізді «Есалаң Бораттың елі» деп атады
Қазақстандық могулшы Аяулым Әміренова өзінің алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысқан әсері және еуропалықтардың қазақстандық спортшыларға деген көзқарасы жөнінде өз ойымен бөлісті. Бұл туралы Nur.kz порталы жазды.
Қазақстандық фристайлшы небәрі 16 жаста екеніне қарамастан, Олимпиада ойындарында елімізді әлемге таныстырды. Өз тобында Аяулым біліктілігі жағынан 17 орынға ие болды.
Өскемендік спортшы қыз бар мүмкіндігін көрсеткенін, алайда жеңіске жету үшін оған тәжірибе жетпегенін айтты.
Сондай-ақ, қазақстандық спортшы қарсыластар тарапынан көрсетілген дөрекілік туралы айтып берді.
«Біз Еуропада болған кезде көптеген спортшылар Қазақстанды Борат елі деп атады. Мен ол адамдарға қатты ашуландым. Олар біздің еліміздегі барлық нәрсе осы фильмде көрсетілгендей деп ойлайды», - деді спортшы қыз.
Аяулымнан жаттықтырушылар үлкен үміт күте отырып, оның жарқын болашағына, үміттерін ақтайтынына сенеді. Ол мұндай жетістікке жеткізген ата-анасының еңбегі екенін және қажет болғанда қолдау көрсеткенін де атап өтті.
Сонымен қатар, ол өзімен бірге жұмыс істеген жаттықтырушылардың еңбегінің ерекше екенін айтты.
Жас спортшы сәуір айында Швецияда өтетін жасөспірімдер арасындағы чемпионатта әлем чемпионы атануды мақсат етіп отыр.