Екатерина Айдова: Жақсы нәтиже көрсеткім келген, бірақ қолымнан келмеді
Конькимен жүгіруден Қазақстан құрамасының мүшесі Екатерина Айдова Олимпиада ойындарындағы өнеріне өз бағасын берді. Бұл туралы ҚР ҰОК баспасөз-қызметі хабарлады.
- Шын айтсам, өнеріме көңілім толмады. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Кінә өзімнен. Бірақ бұл - спорт. Мұнда кездейсоқ нәтиже болмайды. Екінші айналымда шаршай бастадым, сондықтан соңында әлсіз жүгірдім. Бұған қоса, үлкен "жолға" түсіп қалдым. Спринтте бұл өте маңызды.
- Ота жасалғаннан кейін толық бабына келіп үлгермедіңіз бе?
- Ота бір жыл бұрын жасалды. Құдай шүкір, бәрі жақсы. Толық айығып үлгердім. Әрине, көрсеткішім көңіл қуантарлық емес. Бірақ не болса да Олимпиада мен үшін үлкен той. Нашар нәтиже көрсетсем де бұл Ойындар есімде қалады. Енді алда тағы бір сайыс күтіп тұр, онда бар күшімді салуға тырысамын.
- Өзіңізге қай қашықтықта жүгірген көбірек ұнайды: 500 м әлде 1000 м?
- Биыл дайындық ойдағыдай өтпеді. Нақты бір қашықтыққа дайындала алмадым. Есесіне, ең ауыр деген 1500 метр қашықтыққа олимпиадалық лицензия алдым.