Могулшылар Олимпиада ойындарын қорытындылады

Могулшылар Олимпиада ойындарын қорытындылады

Могулдан Қазақстан құрамасы Пхёнчхандағы Олимпиада ойындарындағы көрсеткен нәтижелерін қорытындылады.

Бүгін арнайы ұйымдастырылған баспасөз-мәслихатына бапкерлік құрам - Виктор Лемешко мен Елены Круглыхина және спортшылар - Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева, Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаков пен Аяулым Әмренова қатысты.

Елена Круглыхина, бапкер:

«Алтын алуға жақын болдық, бірақ бізге жылдамдық жетпеді. Біздің команда демалмайды, Әлем кубогындағы өнерімізді жалғастырамыз. Олимпиада - біздің спортшылар үшін соңғы жарыс емес»

Төрелік жайында:

«Төрешілердің ұпай беру жүйесі FIS-тің арнайы конференциясында талқыланады. Бапкерлерге арналған «эдвайзер эгов» бағдарламасы бар, бұл жерде әр ел өз ұсыныстарын жасай алады. Биыл секіру техникасы мен жылдамдықта баға беру коэффициенті өзгерген. Біз үшін бұл жағымды жаңалық болды, Юлия секіру техникасын жақсартты. Бірдеңе өзгерту керек деп ойламаймын. Бәлкім, параллель могулдың төрелігінде өзгерістер болуы мүмкін».

Владимир Борисов, Юлия Галышеваның кеңесші-бапкері:

«Секіруде өте күрделі бағдарлама дайындаған болатынбыз. Бірақ кейін, оны уақытында жетілдіре алмайтынын түсіндік. Секіру техникасын жақсартуда көп еңбек еттік. Бірінші секіру әдісінде амплитуда пайда болды, екіншісін Юлия үнемі жақсы орындайтын».

Виктор Лемешко, фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының бас бапкері:

«Мақсатымыз - екі медаль алу болған. Өкінішке қарай, тек қана Галышыева жақсы өнер көрсетті. Дмитрий Рейхердтің бағы жанбады. Төрелішер бірінші күннен бастап күмәнді баға қоя бастады, Дмитрийдің ұпайларын азайтып, тізімде ортасында қоятын. Яғни, Рейхердті суперфиналға шығуын қаламады. Сол себепті, Дмитрий ең үздік нәтиже көрсетпекші болған, бірақ соның кесірінен соңында қате жіберіп қойды. Қолымыздан келгеннің бәрін істедік».

Павел Колмаковтың өнері туралы:

«Павел Колмаков жақсы өнер көрсетті. Өзін тәжірибелі спортшы ретінде көрсетті. Бұл жерде де төрешілерден қателік кетті. Павелдің алдында өнер көрсеткен канадалық спортшыға көп ұпай беріп, біздің спортшымызды суперфиналдан тыс қалды. Егерде Колмаков финалға шықса, медальға тартысатын еді. Сочи Олимпиадасында да солай болған, төрешілер Галышеваны «аяғынан шалған» болатын».

Спортшылар да өз өнерлеріне бағаларын берді.

Юлия Галышева:

«Қолдау көрсетіп, құттықтап жүрген барша қазақстандықтарға алғыс айтқым келеді. Мен өте бақыттымын. Бұл менің Олимпиада ойындарында бірінші медалім. Алдағы уақытта өнер көрсететін біздің спортшыларымызға сәттілік тілеймін! Енді ақпанның 26-ы Жапониянға аттанамыз, онда Әлем кубогының кезекті кезеңі өтеді. Содаң соң Швейцарияға, артынша Францияға барамыз»

Павел Колмаков:

«Өкініш бар деп айта алмаймын. Өз өнеріме лайық баға алдым деп ойлаймын. Бұл соңғы жарыс емес, алда бізді көп турнирлер күтіп тұр. Нәтижемізді жақсартуға тырысамыз».

Дмитрий Рейхерд:

«Келесі Олимпиадаға қатысты шешім қабылдамадым. Алдымен, мына маусымды аяқтайық. Сосын көре жатырмыз. Жас емеспін, мансабымды аяқтауым әбден мүмкін».

Аяулым Әмренова:

«Олимпиада ойындарына қатыса алғаныме өте қуаныштымын. Бұл әр спортшының арманы. Әрине, жақсы нәтиже көрсеткім келген, бірақ қолымнан келмеді. Алда көп жарыстар күтіп тұр, келесі Олимпиадаға дейін төрт жыл уақытым бар. Аянбай тер төгіп, дайындаламын».

Фото: Данияр Малыбаев/ҰОК Қазақстан

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или