Қазақстандық спортшылар төмен нәтиже үшін кешірім сұрады
Пхенчхан олимпиадасы Қазақстан құрамасының спортшылары үшін сәтсіз басталды, деп жазады Азаттық сайты<span>.</span>
Олимпиаданың алғашқы күні қазақстандық жанкүйерлер шорт-трекшілер мен биатлоншылардан үміт күткен. Пхенчханға келген қазақстандық шенеуніктер мен жанкүйерлердің біразы кешкісін Алпенсия биатлон орталығына барды. Әйелдер арасындағы 7,5 километрлік спринт жарысында Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Галина Вишневскаядан "жақсы нәтиже, сәттілік болса медаль күткен". Дәл жарыс күні, яғни қаңтардың 10-ы күні Вишневская 24 жасқа толды.
Вишневская спринттік жарыста бірінші ату кезеңінде бес нысананың екеуіне тигізе алмай екі айып айналымын жүгіріп біраз уақыт жоғалтып алды. Ал екінші ату кезеңінде бес нысананың барлығына дәл тигізді. Бірақ алғашқы екі қателіктің кесірінен ол спринттік жарысты тек 30-нәтижемен аяқтады. Вишневская осы қашықтықта чемпион болған германиялық Лаура Далмайерден 1 минут 46 секундқа қалып қойды.

- Бапкерім таңертең туған күніммен құттықтап раушан гүлін сыйлады. Таңнан бері қазақстандықтар, жанкүйерлер құттықтап жатыр. Алғысым шексіз. Бүгінгі сәтсіздік үшін жанкүйерлерден кешірім сұраймын. Барымды салдым. Аяғым, шаңғым жақсы жүрді. Бірақ ату кезеңіндегі екі қателік көп нәрсені шешті. Жел қатты болды әрі қатты толқып, жинала алмадым. Алдағы жарыста толғанысымды жеңіп, үздік нәтижемді көрсетуге тырысамын, - деді Вишневская жарыстан кейін Азаттық тілшісіне.
Галина Вишневская спринтте 30-орын алған спортшы ретінде алдағы із қуу жарысында сөреден кешігіп, 30-болып шығады.

Спринттік жарысқа қатысқан қазақстандық биатлоншылар Дарья Климина, Ольга Полторанина, Алина Райкова елулікке ене алған жоқ. Үшеуі де ату кезінде екі-үш қате жіберді.
СПОРТШЫЛАР УӘДЕСІ
Шорт-тректен Қазақстан құрамасының мүшесі Нұрберген Жұмағазиев 1500 метрлік жарыстың финалына шыға алмады. Іріктеу сынында өз тобында екінші келе жатқан Жұмағазиев мәреге екі-үш айналым қалғанда мұзға шалынып құлап, жарысты ерте аяқтады.

