Тәуелсіздіктен бергі Қазақстан футболының үздіктері
Қазақстан футбол федерациясында тағы да басшылық ауысып жатыр. Басшылықпен бірге ұлттық құраманың бас бапкері де қызметінен кетті. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері кім болары да беймәлім. Әзірге біз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ұлттық құрамадан ойып тұрып орын алған футболшылар туралы сөз қазғамақпыз.

Қазақстан футболындағы сәтсіздіктерге қарамастан бүгін біз есімдерін атағалы отырған ойыншылар ел намысы сынға түскен шақта аянып қалған жоқ. Біздің символикалық құрамның капитанының сөзімен айтсақ «Отан үшін кез келгенді айыратын» жігіттерден жасақталды.
Қақпашы
Давид Лория: 45 ойын

Ұзақ жылдар бойы ұлттық құрама қақпасын абыроймен қорғап келе жатқан Лорияға қандай мақтау айтса да жарасады. Сенімді қақпашы, үлгілі отағасы. Бүгінгі жеткен жетістігіне шелектеп төккен тер мен тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткізген. Қазақстанның үш дүркін чемпионы. 2006 жылы еліміздің үздік футболшысы атанды. Бірнеше рет ауыр жарақат алғанымен ерік-жігерінің арқасында жасыл алаңға қайта орала алды. Бүгінде отыз бес жасқа толған Давид «Ертіс» пен Қазақстан құрамасының негізгі қақпашысы. Футболдағы соңғы сөзін әлі айтпағанына сенімдіміз.
Қорғаушылар
Фархадбек Ирисметов: 35 ойын

Шымкенттің тумасы футболдағы басты жетістігіне «Ертіс» және «Тобыл» клубтарында жүріп қол жеткізді. Қос клубтың чемпион атануына Фархатбектің сіңірген еңбегі орасан.
Ол ұлттық құрама қатарында 34 ойын өткізді. Бір жағынан жарақаты кедергі болса бір жағынан талантты қорғаушының бағын Бернд Шторк байлады. Фархатбек ұлттық құрамадағы мансабына бар болғаны 28 жасында нүкте қойды.
Самат Смақов: 76 ойын (рекорд), 2 гол, капитан

Қазақ футболының аңызы. Ел біріншілігін алты рет жеңіп алған. ҚПЛ-да төрт рет үздік ойыншы атанды.
Самат Смақовқа деген халықтың ықыласы ерекше. Қазақ футболының тәуелсіздік алған жылдан бергі аз кем тарихында Смақовпен теңесе алатын ойыншы таппайсыз. Ол алаңда нағыз лидер еді. Кез келген ойыншыны соңынан ерте алатын. Жастар үшін үлгі бола алған Саматты жасы үлкендері де тыңдайтын. Дәлірек айтсақ Самат өзін тыңдата алатын. Ұлттық құрамадағы мансабын екі рет аяқтап екі рет қайта оралды. Аяқтан шалушылар көп болғанымен Саматты ешкім сындыра алмады. Ауысып барған барлық клубында капитан болды. Ұзақ жылдар бойы ұлттық құрамада да капитандық міндетті абыроймен атқарды.
Юрий Логвиненко: 43 ойын, 4 гол
Юрий қорғаныста ғана мықты емес шабуылда да ширақ қимылымен танылған. Атақты қақпашы Петер Чехқа бір ойында екі гол соққан ойыншылар сирек болар. Солардың бірі Юрий.
Ұзақ жылдар бойы «Ақтөбе» намысын абыроймен қорғады. Кейін «Астана» қатарына ауысып жанкүйерлердің ызасын турдырып алғаны бар. Бұл жерде кінәні Юрийден емес, талантты қорғаушыны ұстап қала алмаған клуб басшылығын іздеу керек шығар.
Бүгінгі таңда Логвиненко ұлттық құраманың үздіктерінің бірі. Елордалық клубпен Еуропаға жиі жолық жасайды. Еурокубок ойындарында жиған мол тәжірибесі ұлттық құрама ойындарында көп көмек болары сөссіз.
Дмитрий Шомко: 34 ойын, 2 гол

Бүгінгі біздің ұлттық құрама қатарында жүрген жігіттердің арасында нағыз еуропалық футбол көрсететін Шомко десек артық айтқандық емес. Жылдамдық, дриблинг, соққы бәрін Шомкодан таба аласыз. Сол қапталда толығымен өз еркіне бағындыра алатын Шомко шабуылда да ширақ. Қазақстан құрамасы мен елордалық «Астана» сапында тоқсан минут бойында бір тыным таппайтын таңдаулы ойыншы. Біз Дмитрий Шомконы Еуропа асып кетсе де өзін жоғалтпайтын ойыншы санатына жатқызамыз.
Жартылай қорғаушылар
Андрей Карпович: 54 ойын, 3 гол

Карпович өзін шет елде жоғары дәрежеде көрсете алған санаулы футболшыларымыздың бірі. Қазақстан біріншілігінде де бірнеше клубтың намысын қорғады. Қай клубқа бармаса да бірден негізгі құрам ойыншысына айналатын. Еліміз Азиядан УЕФА-ға өткенде Қазақстан құрамасының ең алғашқы голын соқты. Ұлттық құрама қатарында ұзақ жылдар негізгі құрам ойыншысы болды. Бірнеше бапкер ауысса да Карповичтің ұлттық құрамадағы орны тұрақты еді. Ол алаңда өзін де өзгені де аяп қалмайтын.
Дмитрий Бяков: 33 ойын, 8 гол
Дмитрий Бяковтың өмірбаяны бір киноға дайын сценарий. Ешбір жерде ұзақ уақытқа қалмағанымен ойнаған әр клубында өзіндік ізін қалдыра алды. Ойыны жүрген кезде кез келген ойын тағдырын шешіп кете алатын. 25 жасында қандықолдар жүрегіне пышақ салып алғанда көрер күні таусылмаған Бяков адам сенгісіз жағдайда аман қалады. Футбол ойнауды айтпағанда аяғын нық басып жүруі де екіталай жағдайда еді. Адайда Дмитрий бұл ауыртпалықтың бәрін жеңіп жасыл алаңға қайта оралады. Оралып қана қоймай сол тұстағы ұлттық құраманың лидеріне айналды. Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасы соққан он бір голдың бесеуін Бяков өз еншісіне жазды.
Руслан Балтиев: 73 кездесу, 13 гол (рекорд)

Біздің бүгінгі символикалық құрама қатарына Руслан Балтиевтың енбей қалуы әбестік болар еді. Ұлттық құрама қатарына жастайынан қосылған Руслан бірден көшбасшы ойыншыға айналды. Өзінің алғашқы голын бар болғаны екінші ойында соққан болатын.
Ұлттық құрама жейдесімен жүріп қарсыластар қақпасына он үш гол соққан екен. Гол соғуға қарағанда қақпамызға голды жіберіп алудан алдымызға жан салмайтын біздің құрама үшін бұл айтарлықтай көрсеткіш.
Бір өкініштісі Балтиевтай талантқа ел біріншілігінің алтыны бұйырмай кетті. Дегенмен Руслан үш рет Қазақстан біріншілігінің күмісін иеленген екен.
Нұрбол Жұмасқалиев: 58 ойын, 7 гол
Нұрбол Жұмасқалиев дегенде есімізге ең бірінші Қостанайдың «Тобылы» ойға оралатыны жасырын емес. Тіпті «Тобылды» танымайтындардың өзі Нұрболды біліп жатады. Ұзақ жылдар бойы қостанайлық клубтың капитаны болып келе жатқан Нұрбол ұлттық құрама ойындарына да жиі шақырылатын.
Жұмасқалиевтің Қазақстан құрамасы қатарындағы ең жарқын ойыны Алматыда өткен Сербиямен кездесу десек шындықтан алыстай қоймаймыз. Сол тұста Еуропаның азулы құрамаларымен тайталасып жүрген Сербия құрамасын қазақтар ұтып кетеді дегенге ешкім сенбеген болар. Дегенмен сол ойында Нұрбол Жұмасқалиев пен Қайрат Әшірбеков бірден гол соғып біздің құрамаға жеңіс алып келген болатын.
Өкінішке орай Шторк тұсында Смақов, Балтиев, Исисметов сияқты Нұрбол да ұлттық құрамаға жарамсыз болып қалды. Әйтпегенде Нұрболдың Қазақстан құрамасы сапындағы өткізген ойындар саны 58 емес одан әлдеқайда көп болар еді.
Генрих Шмидтгаль: 14 ойын, 1 гол
Бүгінгі біздің символикалық құрама қатарына енген жігіттер арасында Генрих ең аз ойын өткізгені. Бар болғаны ұлттық құрама жейдесімен 14 ойынға қатысқан екен. Алайда Шмидтгаль өте талантты ойыншы саналады. Аздаған уақыт арасында Генрих ұлттық құрама қатарында өзіндік ойын өрнегін көрсете алды.
Неміс футбол мектебінен тәлім алған Генрих Шмидтгаль Қазақстан құрамасы қатарында өткізген әрбір ойынында көшбасшы болды десек артық айтқандық емес.
Өкінішке орай Генрихтай талантқа өзінің бар шеберлігін көрсетуге жарақаты кедергі болды. Бүгінде бар болғаны 32 жасқа толған «Ғани» енді жасыл алаңда жарқылдаған ойынымен көзге түсуі неғайбыл.
Шабуылшы
Олег Литвиненко: 28 ойын, 6 гол

Сенсеңіз де сенбесеңіз де айтайық Олег Литвиненко Қазақстан құрамасы үшін бар болғаны 28 ойын ғана өткізген.
Олег ұлттық құрамада жүргенде біз Азия футбол федерациясы құрамында едік. Ол бабында болғанға тізесі дірілдемейтін қорғаушы жоқтың қасы болатын. Оның Алматының Орталық стадионындағы Ирак құрамасына соққан голы әлі күнге дейін жанкүйерлер жадында.
Өкінішке орай Олегтің біздің ортамыздан кеткеніне он жылдан асып барады. Дегенмен футбол жанкүйерлері Олег Литвиненко сынды тума талантты ешқашан ұмытпайтыны белгілі.
Бас бапкер
Арно Пайперс: 36 ойын, 7 жеңіс, 11 тең ойын, 18 жеңіліс

Тәуелсіздіктен бері қарайғы Қазақстан құрамасының ең бір жарқын сәті голландиялық маман Арно Пайперспен байланысты. Дәл Пайперс тұсында Қазақстан құрамасы Бельгиядан екі ойында ұпай алып, Сербияны жеңген болатын. Біз тізіп шыққан ойыншылардың басым көпшілігі голландиялық бапкер тұсында керемет ойынымен танылды. Пайперстің алаңға шығарған ойыншылары бас бапкер үшін соңына дейін ойнауға дайын еді.
Өкінішке орай Арно Пайперс ұлттық құрамадан кеткелі он жылдан асса да голландиялық бапкер кезіндегі жетістігімізді қайталау былай тұрсын маңына жолай алмай келеміз.
Қосалқы құрам
Қақпашы
Юрий Новиков: 26 ойын
Қорғаныс
Қайрат Нұрдаулетов: 35 ойын, 5 гол
Александр Кучма: 37 ойын, 2 гол
Александр Фамильцев: 35 ойын 1 гол
Гафуржан Суюмбаев: 20 ойын, 1 гол
Жартылай қорғаныс
Игорь Авдеев: 27 ойын, 7 гол
Исламбек Қуат: 16 ойын, 3 гол
Бауыржан Исламхан: 28 ойын, 2 гол
Ұлан Қонысбаев: 32 ойын, 3 гол
Шабуыл
Сергей Хижниченко: 44 ойын, 8 гол
Виктор Зубарев: 18 ойын, 12 гол.