Юлиус Сзоке: Станоевич – ғажайып адам және мықты ойыншы
«Астана» Дубайдағы оқу-жаттығу жиыны аясындағы келесі кездесулерін Словакия чемпиондары «Жилина» командасына қарсы өткізеді.
Жалпы Қазақстанда өнер көрсеткен словакиялық ойыншылардың ішінен қарағандылық «Шахтер» сапында екі маусым ойнаған Юлиус Сзокенің ойыны ерекше есте қалды. Сзоке жыл басында белорусиялық «Шахтер» (Солигорск) сапында ауысқан болатын.
Осы орайда «Астана» футбол клубының баспасөз қызметі Юлиуспен байланысқа шығып, астаналықтардың қарсыласы туралы және экс-әріптесі Марко Станоевич туралы пікірін сұрап көрген болатын:
-«Жилина» - өз ойынымен жанкүйерлерінен қолдау тауып келе жатқан мықты команда. Клубта жас ойыншыларға сенім артқанды жөн көреді. Кейін олар өз ойындарын тауып, жақсы қырынан танылған кезде басқа командаларға жақсы қаржыға сата алады. Ал менің ойымша «Астана» дәл қазір «Жилинамен» салыстырғанда мықтырақ. Себебі, команда оны Еуропа Лигасындағы өз ойынымен дәлелдеп келеді.
- Сен Қазақстанда екі жыл ойнадың. «Астанаға» қарсы өткізген кездесулер есіңде ме?
- «Астанаға» қарсы өткізген барлық кездесу біз үшін оңай болған жоқ. Команда құрамында деңгейі өте жоғары ойыншылар жинақталған. Бірақ маған дәл сондай шабуылға бейім командаларға қарсы ойнаған ұнайды. Себебі, ондай ойындар жанкүйерлерге ерекше ұнайды.
- Қазақстанның төрт дүркін чемпиондары сапына экс-әріптесің Марко Становеч қосылғанын білесің. Ол «Астана» сапында ойнап кете ала ма? Қалай ойлайсың?
- Марко – ғажайып адам және мықты ойыншы. Ол туралы тек қана жақсы дүниелер айтуға болады. Мен оған зор денсаулық, мол бақыт және тек қана сәттілік тілеймін. Марконың адамгершілік қасиеттерінен бөлек, ол техникалық арсеналы өте мықты ойыншы. Оның соққыларын атылған оқпен салыстыруға болады (күледі).