Мадияр Әшкеев: Келер жылы титулдық жекпе-жекке шығып қалармын

Мадияр Әшкеев: Келер жылы титулдық жекпе-жекке шығып қалармын

Жеңіліп көрмеген қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев Prosports.kz тілшісіне берген сұқбатында АҚШ-тағы тұрмысы туралы және титулдық жекпе-жекке қашан шығатынын айтты.

28 жастағы былғары қолғап шебері кәсіпқой бокста сегіз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ал оның төртеуін уақытынан бұрын аяқтады. Соңғы рет шаршы алаңға осы жылдың сәуір айында америкалық Шон Кэмеронға қарсы шыққан.Кездесудің жетінші кезеңінде төреші жекпе-жекті тоқтату туралы шешім қабылдады.

- Мадияр, кеше өзіңіздің Instagram парақшаңызда 3 наурыз күні Нью-Йоркте жекпе-жек өткізетініңізді хабарладыңыз. Келіссөздер қиын болды ма?

- Иә, наурыз айының 3 күні Нью-Йорк қаласындағы Madison Square Garden аренасында Сергей Ковалев пен Игорь Михалкин арасындағы жекпе-жектің андеркартында жұдырықтасамын. Келіссөздер қиын болған жоқ. Негізі маған 26 қараша күні өткен Сергей Ковалевтің жекпе-жегінің андеркартында жұдырықтасу туралы ұсыныс түскен. Ковалев, Мейрім Нұрсұлтанов үшеуімізде бір промоутер. Алайда мен денсаулығыма байланысты бұл ұсыныстан бас тарттым. Қазіргі таңда өзімді жақсы сезінемін. Наурыз айындағы жекпе-жекке әзірленеміз.

- Қарсыласыңыз қашан белгілі болады?

- Қарсыласым әзірге белгісіз. Бұйырса жаңа жыл мерекесінен кейін белгілі болады. Өйткені мейрамға байланысты барлығы: спортшылар да, промоутерлер де демалысқа шыққан. Мереке біте салысымен қарсылас іздейді. Қарсыласымның рейтингіне байланысты сегіз немесе он раундтық жекпе-жек болады.

- Соңғы жекпе-жегіңізді сәуір айында Шон Кэмеронға қарсы өткіздіңіз. Келесі жекпе-жегіңіз 3 наурыз күні өтпек. Бір жылдық үзілісте бабыңызды жоғалтып алмадыңыз ба? Жалпы дайындығыңыз қалай?

- Сәуір айында соңғы жекпе-жегімді өткіздім. Сол жекпе-жектің алғашқы кезеңінде қарсыласым баспен қатты соғып жіберді. Нәтижесінде қабағым жарылып, мұрыным ісіп кетті. Жекпе-жектен кейін қабағымды тіктірдім. Бір-екі ай өткенде рентгенге түскен болатынмын. Мұрын жақтағы сүйектерім қисайған екен. Артынша ота жасалып, сүйектерді түзеттім. Сол себепті біраз уақыт демалуға тура келді. Қазір бәрі жақсы. Дайындықты ақырындап бастадық, екі айда жекпе-жекке жүз пайыз дайын боламын.

- 2 жылдан бері АҚШ-та тұрып келесіз. Кімнің қол астында жаттығып жатсыз? Бапкеріңіз кім?

- Калифорния штатында отбасыммен бірге тұрып жатырмын. Екі жылдан астам уақыт өтті. Басында бір жарым жыл Роберт Гарсияның қол астында жаттықтым. Ол кісі Лос-Анджелес қаласына көшіп кеткеннен соң жаттығу залында бапкер қалмады. Қазір Марко есімді жаттықтырушымен жұмыс істеп жатырмыз. Бокс жағынан жаттығу, жұдырықтасу, спарринг жасау сол бапкерде өтеді. Ал екінші бапкеріміз Ломаченко мен Ковалевтің жаттықтырушысы Сесиля Флорес. Ол кісіде физикалық жағынан дайындаламыз.

- Талай тарихтың куәсі болған Madison Square Garden сияқты аренада жұдырықтасу ерекше жүк арқалай ма?

- Ешқандай сезім жоқ. Өз басыма қай жерде жекпе-жек өткізетінім аса маңызды емес. Әр жекпе-жектің қай жерде өтетініне қарамастан бірдей дайындаламыз. Күшті жер, жаман жер деп бөлмейміз.

- Сізді титулдық жекпе-жекте қашан көреміз?

- Титулдық жекпе-жекке, алдағы 2018 жылы шығамын деген үміт бар. Промоутер сол уақытта қою керек. Ал әзірге рейтингте барынша жоғары көтерілу қажет. Сосын аймақтық титулдарды жеңіп, артынша төрт тұжырымның біреуіне үміткер боламыз. Боксшылар әрқашан дайын, ал титулдық жекпе-жекті ұйымдастыру промоутерлердің қолында.

- Көптеген отандық бокс мамандары, бапкерлер, БАҚ өкілдері сізді Геннадий Головкиннің ізбасары деп санайды. Ал жақында Бақтияр Артаев біздің сайтымызға берген сұхбатында Сізді әлем чемпионы атағына үміткер үш кәсіпқой боксшының тізіміне енгізді. Кәсіпқой бокстағы мақсатыңыз қандай?

- Рақмет! Ол кісілер сыртымыздан жылы лебіз білдіргені, әрине, қуантады. Әрқайсымыздың мақсатымыз Бахтияр Артаев ағаларымыз секілді чемпион атану. Әуесқой бокста жетпеген жетістіктеріме осы кәсіпқой бокста жетемін деген үміт бар. Чемпиондық белбеулерді жеңіп алуға ниеттімін. Сол мақсатпен АҚШ-қа келдім. Белбеулерді жеңу үшін барымызды салып, аянбаймыз. Біздің мақсат – кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атану!

- Main Events промоутерлік компаниясымен келісімшартыңыз неше жылға жоспарланған?

- Келісімшартым 3+2 үлгісі бойынша жасалған. 3 жыл тұрақты жекпе-жек өткіземін. Енді бір жылым қалды. Одан кейін кез келген рейтингіде үздік 15 боксшының қатарында болсам келісімшарт 2 жылға созылады. Мүмкіндік барда пайдалану керек.

- Не себепті АҚШ-ты таңдадыңыз?

- Кәсіпқой бокс Америкада жақсы дамыған. Astana Arlans-тың құрамында жүргенде Нью-Йорктегі промоутерлік компания ұсыныс жасады. АҚШ-тың визасын жасатып жүрген уақытта сол елде жүрген Бейбіт Шүменов, Қанат Ислам секілді ағаларыммен ақылдастым. Олар кәсіпқой бокс жақсы дамыған, промоутерлері көп Лос-Анджелес қаласына баруға кеңес берді. Осы жерде Эгис Климас бір-екі жекпе-жек ұйымдастырды. Кездесулерімді көрген Main Events компаниясы келісімшарт ұсынды. Америкаға келген себебіміз осы.

- Мейірім Нұрсұлтанов және Сағадат Рахманқұловпен бірге жаттығып жүрсіз бе?

- Иә, бірге жаттығып жүрміз. Сағадат ақпан айында кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін өткізеді. Бұйырса, Тор Rank промоутерлік компаниясымен келісімшартқа отырады. Ал қаңтар айының 10 күні Асхат Уалиханов келеді. Ол Тор Rank промоутерлік компаниясымен жұмыс істейді.

- Қазақстанда жекпе-жек өткізу жоспарыңызда бар ма?

- Әрине, елімізде жекпе-жек өткізу ойымда бар. Жақсы ұсыныстар түсіп жатса, менеджерімізбен, промоутерімізбен келіссөздер өткіземіз. Титулдық жекпе-жектер болып жатса, алда көре жатармыз.

- Сұқбатыңызға рақмет! Жекпе-жекте тек қана жеңіс тілейміз!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или