Бокс

Бақтияр Артаев: Головкин мені кәсіпқой боксқа шақырған

Бақтияр Артаев: Головкин мені кәсіпқой боксқа шақырған
news-banner7
mobile-news-top

Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев кәсіпқой боксқа не үшін ауыспағанын және Геннадий Головкинмен достығы туралы айтып берді.

- Қуат Хамитовтың қатысуымен өткен ММА турнирін «Алматы Аренадан» тамашалапсыз. Жарыс ұнады ма?

- Біріншіден, AFC промоутерлік компаниясының директоры Әділбек досыма алғыс айтқым келеді. Ұйымдастырушы ретінде мұндай үлкен жарысты өткізу қиын екенін білемін. Үлкен турнир өткізіп, қазақтың жігіттерін танымал қылғаны үшін оған көп рақмет. Маған бәрі ұнады. Жекпе-жекке шыққан жігіттердің деңгейі жоғары болды. Октагонға алты қазақ шықса, соның үшеуі ғана жеңіске жетті. Ол дегеніміз қарсыластарымыздың мықты болғанын білдіреді.

- Қуат «Найман» Хамитовтың Питер Куиллимен жекпе-жегі көңіліңізден шықты ма?

- Бәрі ойдағыдай өтті. Жұртшылық «неге нокаут болмады?» деп өкініп жатты, бірақ жекпе-жекке екі мықты шыққан соң кездесу соңына дейін жалғасты. Жеңімпаз тек төрешілердің шешімімен анықталды. Ең бастысы Қуат халықтың сенімін ақтап, жеңіске жетті.

- Соңғы кездері ММА өте қарқынды дамып келеді. Болашақта ережесіз жекпе-жек боксты артта қалдыруы мүмкін деген әңгімелер жиі естіледі. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Олай ойлайтындар қателеседі. ММА кәсіпқой бокс сияқты. Былай қарасақ, бокс олимпиадалық спорт түрі. Төрт жылда бір рет болатын жарыста әр елден 22 мықты боксшы жиналады. Ал егерде ММА Олимпиадалық спорт түріне кірсе сізбен келісер едім. Әзірше, бокс ережесіз жекпе-жектен жоғары тұр. Бұл сөзбен мен ММА файтерлерін ренжіткім келмейді. Себебі, олар расымен мықты. «Шын мықты болсаң, сегізбұрыштың ішіне кіріп көр» деп жатады. Мұнымен толықтай келісемін. Октагонға шығудың өзі үлкен ерлік. Негізі, кәсіпқой бокстың өзі әуесқойға жетпейді. Көбісі, нағыз мықтылар кәсіпқой бокстан шығады дейді. Жоқ, нағыз үздік спортшылар әуесқой бокста тәрбиеленіп, Олимпиадада өнер көрсетеді. Мәселен, Василий Ломаченко, Геннадий Головкин, Андре Уорд... Бұл жігіттердің бәрі Олимпиада ойындарына қатысқан боксшылар. Қазір әрқайсысы кәсіпқой бокста өз салмағында үздік саналады.

- Кәсіпқой бокста бақ сынап көрмедім деген өкініш жоқ па сізде?

- Өкініш жоқ. Кезінде Головкиннің өзі бірнеше рет кәсіпқой боксқа шақырған. Таразға промоутерлер келіп, маған керемет ұсыныстар жасады. Бірақ менің ауыспаған себебім: елдің ішінде қалып, спорт жүйесін дамытқым келді. «Өсіп келе жатқан інілеріміз біз көрген қиыншылықты көрмесе екен» деген арман болды. Сырт көзге бәрі жақсы сияқты. Бірақ шын мәнінде бұрыс шешімдер жиі қабылданады: балаларды іріктеу, тамақтану, дәрі-дәрмек, тексеруден, тағысын тағы. Осы ретте пайдамды тигізгім келді. Сәл өкініш те бар шығар, бірақ қазіргі жұмысымды ескерсек, қуанышты сәттер көбірек.

- Ғаламторда сіздің жасөспірімдер арасында Головкинмен жұдырықтасқан видеоңыз бар. Сол жекпе-жек есіңізде ме?

- 1997 жылғы видеоны айтып тұрсыз ғой. Иә, ол кезде Генамен бірінші рет кездескен болатынмын. Геннадий о жылдары ел чемпионы болса, мен үшін бұл басқа облысқа шыққан алғашқы жарысым еді. Ол кезде Генаның тәжірибесі көбірек-тұғын. Бірақ кездесуден кейін Головкиннің қаншалықты мықты екенін түсіндім. Кейін ұлттық құрамада бірге болдық. Талай рет кездестік. Геннадийге бір сөз айтсаң, бұлжытпай орындайтын. Екінші рет қайталатқызбайтын. Әрине, оның дарынды боксшы екені көрініп тұрды. Ол жаттығу істемей-ақ жарысқа шыға алатын. Бізге жарыста жеңу үшін күні-түні аянбай еңбек ету керек болса, ол ауырып барып чемпион атанатын. Менде мінез болса, Головкинде талант болды.



Бұрын жиі сөйлесетінбіз. Ол айтатын: «Болашақта мен кәсіпқой бокстан әлем чемпионы боламын. «Трипл Джи», Гена Головкин. «Чемпион оф зе уорлд (Champion of the world)». Кәсіпқойлардың жаттығуын қайталап, Рой Джонс сияқты боксшылардың стилін келтіретін. Психологиялық тұрғыда өзін дайындайтын солай. Менен сұрайтын: «Сен кім боласың?» деп. Мен: «спорт функционері боламын» деп жауап беретінмін (күлді). 2008-ші жылы мен Матвей Коробовты ұтқан кезде маған Головкин хабарласып: «Бәке, мен ғо Тайсон, қалайсың Тайсон?» дейтін қазақша. Бір-бірімізді Тайсон дейтінбіз. «Кәсіпқой боксқа ауыссай, мен 72 келіде, ал сен 76 келіде шығасың, бүкіл әлемді мойындатамыз» дейтін. Мен оған: «Гена, сен әлемді жаулай бер, бірақ ел спортын ойлайтын да адам керек» деп жауап бергем. Геннадий шын мәнінде мықты ғой, оған ешқашан күмәнім болған жоқ.

- Кәсіпқой боксқа ауыссаңыз кіммен жұдырықтасар едіңіз?

- Шын айтсам, кәсіпқой бокста «мынаумен жұдырықтасқым келеді» деген боксшыны көріп тұрған жоқпын. Бәрі өзіміз шамалас жігіттер.

- Қазіргі таңда, кәсіпқой бокста орта салмақ дәрежесінде кімді үздік санайсыз?

- Головкин мен Альварес мықты деп ойлаймын. Осы екі жігіт орта салмақтың үздігі. Содан кейін, Сергей Деревянченко деген боксшы бар. Ал жартылай ауыр салмақ дәрежесін айтатын болсақ, Сергей Ковалев пен Артур Бетербиев мықты. Әлем бойынша осы жігіттерді айтар едім.

- Қанат Исламның болашақ қарсыласы Джон Вера болуы ықтимал. Жалпы, қандасымыз титулдық жекпе-жекке қашан шығады деп ойлайсыз?

- Қанаттың титулдық жекпе-жекке шығатын уақыты келді дейді көбісі. Бірақ оған қазір осындай рейтинг жинайтын кездесулер керек боп жатыр. Менің ойымша, осы жекпе-жектен кейін тағы бір кездесу болады, содан соң Қанат чемпиондық белбеу үшін тартысады. Сондықтан, бокс жанкүйерлеріне сәл шыдай тұру керек.

- Қазір әуесқойдан кәсіпқой боксқа ауысып жатқан отандастарымыз көп. Өзіңіз кімнен үміт күтесіз? Әлем чемпионы болуы мүмкін деген үш қазақстандық боксшыны атап берсеңіз.

- Біріншісі, Қанат Ислам. Одан кейін Батыржан Жүкембаев. Енді қазір бәрін айтпасаң ренжиді (күлді). Үшіншісі, Мадияр Әшкеев болсын. Жалпы, кәсіпқой бокста жүрген барлық боксшыларымыз мықты.

- Головкинге Альваресті екінші кездесуде ұту үшін не істеу қажет?

- Геннадийге ұту үшін айқын басымдыққа ие болу керек. Кем дегенде екі-үш нокдаун қажет. Бірінші жекпе-жекте төрешілердің бір жақты болғанын ескерсек, тең нәтиженің өзі қуанышты жаңалық. Себебі, үш төреші де есі дұрыс емес, жеңісті Альвареске беруге тырысты. Ал келесі кездесуде жеңіске жету үшін Головкинге қарсыласын екі-үш рет нокдаунға түсіріп, көбірек дәл соққы жасау қажет. Егерде Гена мұны орындай алмаса, жеңісті Канелоға беруі әбден мүмкін. Мұндай шешімге де дайын болуымыз керек. Альварес келесі кездесуге сенімдірек шығады. Ол қарсыласының соққысын денесінен өткізді, яғни оған жеңілірек болады. Керісінше, Головкинге ауырлау болады, жарты жылдың өзі біраз уақыт қой. Сондықтан, келесі жекпе-жек біріншіден де қиын болатын сияқты.

- Геннадий бірінші кездесуде бауырға аз соққы жасады. Неліктен деп ойлайсыз?

- Енді Альварес Головкиннің ең азулы қарсыласы. Содан-ақ түсінуге болады. Нағыз мықтымен шыққан да бауырға соққы жасап, құлату деген болмайды. Әлемнің ең үздік боксшылары айқасқан сәтте жекпе-жек үнемі тартысты болады, нокдаунның өзіне таң қалар едім. Екі мықты жұдырықтасты. Сондықтан ішке, бауырға ұру деген аз болды.

- Біздің сайтымыз жылдың үздік спортшысын таңдауда. Сіздің ойыңызша, бұл атаққа кім лайық?

- Енді Олимпиадалық спорт түрлеріне қатысатын спортшылардан таңдайтын болсақ, мен боксшы Қайрат Ералиевті айтар едім. Өйткені, оның әлем чемпионатындағы жеңісі үлкен ерлік. Менің ойымша, Ералиев биылғы жылдың үздік спортшысы. Сондай-ақ, Ақжүрек Таңатаров (күрес) пен Елдос Сметовты (дзюдо) да ерекше атап өткім келеді.

Сұқбаттасқан: Қайсар ОҚАС

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер