Қазақстандық шабуылшы әлем чемпионатының үздік сұрмергені атанды
Қазақстан хоккей құрамасының шабуылшысы Артур Гатиятов жастар арасындағы әлем чемпионатында керемет ойынымен көзге түсті деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Ол турнир барысында төрт шайба соғып, үш нәтижелі пас берген. Еншісінде жеті ұпай. Құрамамыздың қорғаушысы Валерий Орехов да нәтижелі ойынымен есте қалды. Ол өзі қарсылас қақпасына жалғыз шайба салғанымен, командаластарының көзге түсуіне алты мәрте мүмкіндік жасаған екен. Ал үшінші орында тұрған тағы бір қазақстандық шабуылшы Никита Назаренконың еншісінде алты ұпай. Төрт шайба және екі нәтижелі пас.
Сөйтіп жастар арасындағы әлем чемпионатының үздік сұрмерген атағы қазақстандық шабулшы Артурға бұйырды. Гатиятов пен Назаренко екеуі де төрт шайбадан соққанымен алғашқысының нәтижелі пасы көп болғандықтан мергендер көшінде жеке көшбастады.
Естеріңізде болса, Қазақстан жастар құрамасы Франция жастарын 6-1 есебімен ойсырата ұтып, алты жылдан кейін алғаш рет жастар арасындағы әлем чемпионатының элиталық тобына жолдама алған болатын.