Алматы хоккейшілері жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады
«Халық арена» мұз кешенінде «Алматы» мен «Астана» клубтары арасында xоккейден жолдастық кездесулер өтті.
Тамыздың 9-ы мен 10-і күндері өткен ойындардың нәтижесінде алматылық команда қарсыластарын екі мәрте ұтып, өз жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады.
Алғашқы ойында алаң иелері қарсыластарын 5:1 есебімен тізе бүктірсе, екінші кездесуде Игорь Горохин шәкірттері 5:3 есебімен басым түскен болатын.<br /><br />- «Астанамен» өткен екі ойында қиын болды. Біздің команда жас және жаңа ойыншылармен толыққан болатын. Жаңа құрамамен қазір алдағы ел кубогы мен Қазақстан чемпионатына қызу дайындалудамыз. Жолдастық кездесу болса да жеңісімізге дән ризамыз. Астанада өтетін ойында да жеңетінімізге сенімдімін, - деп өз ойымен «Алматы» хоккей командасының ойыншысы Әнуар Қулашбеков бөлісті.<br /><br />Айта кетер жайт, тамыздың 15-і мен 16-ы күндері алматылық команда Астанада екі жолдастық матч өткізіп, Павлодарда болатын жоғарғы лига командаларымен Қазақстан Кубогын сарапқа салады.