Маирбек Юсупов: Жастар ересектермен бірге жаттығуы керек

Маирбек Юсупов: Жастар ересектермен бірге жаттығуы керек
Еркін күрестен Қазақстан құрамасы Алматы облысында жалпы физикалық дайындық жиынын өткізуде.
Prosports.kz тілшісі еркін күрес шеберлерімен жолығып, болашақ жоспарлары мен жиыны туралы әңгімелесіп қайтты. <br />Ресейдің еңбек сінген бапкері және қазіргі таңда еркін күрестен ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Маирбек Юсуповпен сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.
- Маирбек Нағабекович, Қазақстан құрамасындағы жұмысыңыз жайлы айтып берсеңіз?
- Мен осы жылдың 15-ші наурыз айынан бастап ұлттық құраманы жаттықтырып келемін. Бұл уақыт аралығында біз Болгариядағы жарыста, Азия чемпионатында, Ислам ынтымақтастық ойындарында, Дағыстан кубогында күш сынап үлгердік. Жарыстардың нәтижесін күрес сүйер қауым мен жанкүйерлер өзі де біледі. Тізімімізде бар балуандармен мұндай көрсеткішке қол жеткізу жақсы нәтиже. Әлі де көп еңбек етуіміз қажет.
Сөздің шыны керек, мен Қазақстандағы күрес Һәлін бұдан жақсырақ деп ойлағанмын. Күреске қатысушылар саны көп, бірақ күрес сапасын жақсарту керек. Бұл мәселеге балуандарымыз кінәлі емес. Спортшыға жастайынан дұрыс күрес мектебін бекіту қажет. Әйтпесе, өскенде оларды қайта үйрету қиын. Ересек балуанға оның бала кезінде қойылған негізіне қарап күресі қойылады. Сондықтан бұл жерде жаттықтырушылардың да кінәсі бар. Алайда медальдың екінші жағы бар. Бапкерлерге барлық кінәні артуға да болмайды. Себебі олардың жалақысы шәкіртінің нәтижесіне тікелей байланысты. Бапкерлер аз уақыт ішінде керекті нәтижеге қол жеткіземін деп, балалардың күрес техникасының көңіл бөлуді ұмытып кетеді. <br />Қазіргі құрамаға келсек, жігіттер тер төгіп жұмыс істеуде. Күреске деген құлшыныстары мен ауызбіршілігі мықты. Бапкерлер ұжымы да жақсы қалыптасты.
- Сіз жиынға ұлттық құрама балуандарымен қатар жастарды да шақырдыңыз. Олардың арасынан ұлттық құрамада өнер көрсетуге лайық балуандар бар ма?
- Мен жастардың ересектермен бірге жаттығуын дұрыс деп есептеймін. Жастар - біздің болашағымыз. Шабанбай Дәулет, Ақжүрек Таңатаров, Дәулет Ниязбеков, Әділет Дауланбаев барлығы жасы келген балуандар. Олар Токио Олимпиадасына дейін болады ма, болмай ма әлі белгісіз. Олар бар кезде жастарымыз осындай тәжірибелі балуандармен бірге жаттығып, үйренгені дұрыс. Қандай бапкер болмасын, спортшылар бір-біріне қарап өседі. Бапкер тек жаттығудың жалпы үдерісін жүргізеді. Сондықтан жас балуандар әрдайым ұлттық құрама спортшыларымен бірге жаттығуы қажет.
- Қазіргі жиын жайлы айтып өтсеңіз?
- Азия біріншілігі аяқталған соң, физикалық тұрғыда Иран, Корея, Жапония құрамаларынан әлсіздігіміз байқалды. Сондықтан осы күндерге белгіленген Болгариядағы жарысқа қатысудан бас тартып, жалпы физикалық дайындау жиынын өткізуді жөн көрдік. <br />Бұл жиында балуандарымыздың функционалды мүмкіншіліктерін арттырудамыз. Сонымен қатар, техника және тактика мәселесіне көңіл бөлудеміз.
Осы жиынға екі құрам шақыртылды. Негізі бұл аз деп есептеймін. Бәсекелестік болу үшін 3-ші және 4-ші нөмірлі балуандарымыз да қатысуы тиіс. <br />Азия чемпионатында бізге Иран, Корея, Жапония құрамалары бірлескен жиындар өткізу жайлы ұсыныстар жасады. Сол ұсыныс бойынша қыркүйек айында Жапонияға аттанбақпыз. Жапониялықтар барлық шығынды өз мойындарына алды. Физикалық дайындығымызды шыңдау үшін осындай жиындар жиі болуы керек.
- Жақында қандай турнирлерге қатысу жоспарланған?
- 7-9 шілдеде Польшада халықаралық жарыс өтеді. Осы айдың 21-і Польша Республикасына бірлескен жиын өткізу үшін аттанып, кейін сол жарыста күш сынаймыз. Сол халықаралық жарыстың қорытындысы бойынша әлем чемпионатына аттанатын балуандарымызды іріктеп аламыз. Ал жарысқа құраманың бірінші, екінші нөмірлі балуандарын апарамыз.
- Қазіргі еркін күрес федерациясының тарапынан балуандарымызға қандай жағдайлар жасалуда?
- Мен келген екі жарым айдың ішінде дене шынықтыру және спорт министрлігі мен күрес федерациясының тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Нақтырақ айтсам, «Достық» спорт кешеніне біз үшін сегіз кілем қойып берді. Алматы қаласының Орталық паркінің «Семсер» базасында күрес академиясы ашылды. Ол академияда Қазақстанның түкпірінен келген жас балуандарымыз жылдап дайындық өткізуге мүмкіншілігі бар. 
Ұлттық құрамаға келсек, шет елге шығу және жиын өткізу мәселесі шұғыл шешілуде. Федерацияның мұндай көмегі мен қолдауынан кейін наразы болу - күнә.
Біздің басты мақсатымыз 24 - 26 тамыз аралығында Парижде өтетін әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғау.
- Сұхбатыңызға рахмет. Алдағы жарыстарда сәттілік тілейміз!
Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или