Criminals
Қысқы

Кейбір спортшылар допинг қолданатыны рас - Ахмадиев

Кейбір спортшылар допинг қолданатыны рас - Ахмадиев
news-banner7
mobile-news-top


Жапонияның Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азия ойындарында эстафеталық шаңғы жарысында күміс медаль иеленген спортшымыз Ердос Ахмадиев сайыстан кейін пікірімен бөлісіп, prosports.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Ердос бүгінгі жарыс туралы не айта аласың?

- Шынымды айтсам алтынға үміттендік. Жарыс жолы қиын екен. Дегенмен, Қазақстан қоржынына тағы бір медаль салғанымызға қуаныштымын.

- Саппородағы ауа райына бейімделу қиын болды ма? Жапонияға
нешінші рет барып тұрсың?

- Саппорода күн жылы, қар көп, оңай бейімделдім. Жапониялықтар жылы қарсы алды. Күншығыс елінде алғаш рет болып тұрмын.

- Алматыда өткен Дүниежүзілік қысқы Универсиада ойындары жайлы не айта аласың?

- Универсиада сынды үлкен жарыс біздің елде өткені барлығымыз үшін үлкен мәртебе, қуаныш. Өйткені осындай спорттық шараның арқасында қазақ деген ел, кең құшақты және қонақжай халық екені бүкіл әлемге танылды.

- Жақында ресейлік бірнеше шаңғышылар допинг мәселесіне байланысты спорттан шеттетілді, әлемдік спортты дүр сілкіндірген дау жайлы пікірің қандай?

- Иә, қазір кәсіпқой спортта допинг мәселесі үлкен резонанс тудырып тұр. Спорт жолын таңдаған соң, әр спортшы чемпион болғысы келетіні анық. Сол себепті спортшылар амалын іздеп, құйтырқы әрекеттерге барады. Кейбірулері тауда жаттығады, қан ауыстырады, ал кейбірулері астма дәрісін қолданып жатады. Міне, ресейлік спортшылар ұсталып жатыр. Ол шындыққа жанасады, себебі 50 шақырымдық бәсекеде атша шабады. Спортшылар дәрінің көмегіне жүгінбесе жақсы нәтижеге қол жеткізе алмайды.

- Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз? Лахтиде өтіп жатқан әлем біріншілігіне қатысасыңдар ма?

- Уақытқа байланысты біраз қиындықтар туындап тұр. Алдымен Азия ойындарының 30 шақырымдық бәсекесінде топ жарсам, Лахтидегі 50 шақырымдық «патшалық» сайыста өзімді сынауым да мүмкін. 1-2 күнде бапкерлер шешім қабылдайды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер