Допты хоккей. Оралдық «Ақжайық» Қазанда жеңіліс тапты
Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасының екінші тобында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» жергілікті «Динамо-Қазан-2» командасына қарсы кездесу өткізді, деп хабарлайды Ресей допты хоккей федерациясының ресми сайты.
Дереккөзге сүйенсек, аталмыш ойында қазандық команда өз айдынында 6:1 есебімен жеңіске жетті. Жерлестеріміздің сапынан жалғыз допты ресейлік легионер Сергей Башаев соқты. Оның еншісінде барлығы 47 гол. Бүгін қос команда екінші кездесуін өткізеді.
Айта кетейік, «Ақжайық» турнир кестесінде 34 ұпаймен үшінші орында тұр. Екінші топ кестесінде краснотурьинскілік «Маяк» командасы 41 ұпаймен бірінші орында келе жатса, воткинскілік «Знамя-Удмуртия» клубы 36 ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Естеріңізге сала кетейік, әр топтан үздік үш команда финалдық сайыста күш сынауға жолдама алады.