Универсиадада бірінші орын алуға дайындалып жатырмыз – хоккейші
Шайбалы хоккейден мақтанарлық жетістігіміз жоқ. Алайда бұл олқылықтың орнын қысқы Универсиада ойындарында толтырамыз. Себебі, бұл дүбірлі дода өз жерімізде өтеді. Бұл туралы қыздар арасындағы шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының мүшесі Малика Алдабергенова мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Өкінішке қарай, біздің шайбалы хоккейден мақтанарлықтай жетістігіміз жоқ. Бірақ, қысқы Универсиада ойындарында осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз. Керекті құрал-жабдықтың барлығы бар. Айтар өкпе-назымыз жоқ. Біз бірінші орын алуға дайындалып жатырмыз. Себебі, ол – біздің міндетіміз. Ал қысқы Универсиада ойындары өз жерімізде өткелі отыр. Сондықтан біз намысты қолдан бермеуге тырысамыз. Бірақ барлығына уақыт төреші. Қазіргі міндетіміз – жарысқа ойдағыдай дайындалу», - деді хоккейші.

Сонымен қатар, Малика Алдабергенова Универсиада ойындарына дайындық жаздан басталып кеткендігін айтты.

«Біз Универсиада ойындарына дайындықты жазда бастадық. Шайбалы хоккейден Еурокубокқа қатыстық. Қазіргі таңда Алматыда жаттығып жатырмыз. Ұлттық құраманың бас бапкері Александр Мальцев пен басқа да бапкерлер бар білгенін үйретіп жатыр. Олардың бізге қойып отырған талабы – өте жоғары. Оны біз шашамыз келгенше орындауға тырысамыз. Аптасына 2 рет 3 сағаттан астам уақытымыз дайындыққа кетеді. Жалпы командада шамамен 25 адам бар», - дейді шабуылшы.

Айта кетейік, 28-ші қысқы Универсиада ойындары 2017 жылдың 29 қаңтары мен 8 ақпаны аралығында Алматыда өтеді. Сайыста спорттың 12 түрінен 86 медаль жиынтығы сарапқа салынады.