Фитнес залына барып, жаттығуды бастау - көпшіліктің ертеңге қалдырған ісі. Бірі үшін ол күн туса, екіншісі сылтауратып жүре беруге әзір. Өзіңді жеңіп, жаттығуды бастау үшін не істеу керек? Фитнес залына барғанда неден бастау керек? Қандай қателіктер болуы мүмкін? Осы сауалдарымызға Алматыдағы фитнес орталықтың жаттықтырушысы Карина Темирбаева жауап берді.

- Карина, қош келдіңіз. Сіз қанша уақыттан бері спортпен шұғылданып келесіз?

- Мен спортпен ұзақ уақыт бойы айналысудамын. Мектепте барлық спорт жарыстарына белсенді қатысып жүрдім. Ең алғаш спортзалға келгенде ... оған деген сүйіспеншілігіммен осында қалдым. Мен жаттығу залында жүргеніме 15 жылдай уақыт болды.

- Жаттықтырушы болуға қалай шешім қабылдадыңыз?

- Залда үнемі дұрыс емес айналысып жатқан адамдарға әрдайым көмектескім келетін. Бір жағынан, нәпақамды тауып, сонымен қатар өзім жақсы көретін нәрсемен айналыса алатынымды түсіндім. Мен өмірден өзімнің жолымды таптым деп ойлаймын.