Денис Теннің талантына тәнті болған мамандар оның мұз айдынындағы өнеріне риза болып, болашағына зор үміт артып отыр. 16 жасында-ақ Олимпиадаға қатысып, 11-ші орынды иемденген дарынды жігіттікі ерлік-ақ. Қанша дегенмен, жүздеген мың спортшылар үшін бұл алынбас қамал екені рас.

Қазір оның жасы 18-де. Қазақстанның ең әйгілі мәнерлеп сырғанаушысы. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Қысқы Азия ойындарынан кейін Денис Теннің танымалдылығы арта түсіп, жанкүйерлері көбейді. Қазір оны көшелерде, қоғамдық орындарда халық танып, қолтаңба сұрап жатады.

Денис – өте байсалды жігіт. Ойлары тұщымды, өзі жан-жақты. Музыкаға қызығады. Ал үзіліс кездерінде өзінің сүйікті композиторы Сергей Васильевич Рахманиновтың әуендерін ойнатып қойғанды жақсы көреді.

- Денис, сіз үшін 2011 жыл қалай аяқталды?

- 2011 жыл, мен үшін, әлбетте өте сәтті өтті. Өйткені, еліміз қысқы Азия ойындарын өте сәтті өткізіп, төрткүл дүниені таңғалдырды. Өз басым алтынмен апталып, Қазақстан спортының тарихына сәл де болса үлесімді қостым. Сондай-ақ, биыл баллдар бойынша жеке рекордымды жаңарттым. Жалпы, бас-аяғы жеті турнирге қатысып, соның бесеуінде жүлделі болдым. Бір сөзбен айтқанда, өткен маусымдағы прогрессіме ризамын.

2011 жылы өзімнің сырғанау бағдарламама екі үштік Аксель және төрттік секіру қостым. Бұл да өзіндік бір ерлік. Әр нәрседен максимум пайда көріп, бағдарламамды үнемі жаңартып отыруға тырысамын.

- Азиададан кейін сіздің танымалдылығың арта түскен сияқты...

- Кейде танып та жатады. Мен кез келген жанмен ашық адаммын. Жаңа таныстар табуға әрдайым қуаныштымын.

- Мәнерлеп сырғанауда үлкен жетістіктерге жете алатыныңызды қашан түсіндіңіз?

- Мамам (Оксана Тен) екеуміз спортпен айналыса бастағанымызда Қазақстанда мәнерлеп сырғанау деген мүлдем болған жоқ. Әу баста ашық мұзда жаттығатынбыз. Кейін сауда орталықтарындағы мұз айдындарына ауыстық. Шынымды айтсам, мен тек сырғанаудан ләззат алатынмын. Басқа нәрсені көп ойлаған да жоқпын. Бірақ, мәнерлеп сырғанаудан басқа да үйірмелерге барушы едім. Музыка, сурет салу, би, спорттық гимнастика, үлкен теннис, каратэ, таэквон до, суға жүзу... айналыспаған спортым жоқ. Сосын осылардың ішінде тек музыка мен мәнерлеп сырғанау ғана қалды. Ақыр соңында мәнерлеп сырғанауға толығымен көшуді жөн көрдік. Өзіме өте қатты ұнайды. Дегенмен, бас кезінде тек құмарымды қандыру үшін ғана мұзда сырғанайтын едім. Қайта ешкім маған қысым жасап, қалай да чемпион болуың керек деген талап қойған жоқ. Бәлкім, сондықтан шығар, мәнерлеп сырғанауды жақсы көре түстім. 2010 жылы Олимпиада ойындарына қатысқанымда ғана өмірімнің мәні осы спорт екенін түсіндім.