Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында мыңдаған қазақстандық Денис Тенді соңғы сапарға шығарып салды. Алматылықтардан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер де бар болып шықты.

Денис Тенмен қоштасу рәсіміне арнайы АҚШ-тан Геннадий Головкин мен Қанат Ислам да келіпті. Сонымен қатар ҚР Спорт және мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, боксшы Серік Сәпиев, ардагер боксшылар Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ибраимов та келіп, халықпен бірге қайғырды. Теннисші Зарина Дияс, суда жүзуден олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин, блогер Әлішер Елікбаев және тағы басқа беделді тұлғалар төбе көрсетті.

Головкин Денистің ата-анасының жанында қайғыдан қан жұтқан анаға басу айтып отырды. Алматы әкімдігі Головкинге сөз сөйлеуін сұрағанда, кәсіпқой боксшы сөйлей алмайтынын айтып, бас тартқан көрінеді.

Коньки тебушілердің ұлттық федерация төрағасы Болат Жәмішев те қоштасуға келді.

Әнші Роза Рымбаева отбасымен бірге, көз жасын тия алмай отырды.

Рәсімде көптеген тұрғындар өздерін нашар сезініп, талып қалып жатты.

«Ішке ену үшін ұзын-сонар кезекте бір жарым сағат тұрдық. Қоштасу рәсіміне үлгермедік. Талып қалған адамдарды шығарып жатқан жағдайлар көп болды. Бұл тек қоштасу рәсімі ғана емес, бұл болып жатқан бассыздыққа халықтың үнсіз қарсылығы», - деп жазды блогер Әлішер Елікбаев.

Ал 76 жастағы Алматы тұрғыны Денис Теннің қоштасу рәсімін Дінмұхаммед Қонаевтың шығарып салу рәсімімен салыстырды.

«Қонаев қайтыс болғанда дәл осындай халық жиналған. Қоштасуға келіп үлгермегендер Кеңсайға дейін артынан жүгірді. Жол бойы кортеж алдына гүлдерді лақтырды. Бейітке дейін барлық көшелер гүлге толып кетті. Дениске де соншалықты адам жиналып, соншалықты гүл лақтырды», деді алматылық қарт.

Қанат Ислам қазақстандықтардан бекем болуын сұрады.

«Мен спортшы әрі оның жақын досы ретінде қайғырып, көңіл айтамын. Бұл жағдай кез келген елдің азаматының басына келуі мүмкін. Абай болыңыздар, бекем болыңыздар», - деді кәсіпқой боксшы.

«Денис өз елінің шынайы патриоты болды. Оның өмірі мансап шыңына жеткенде үзілді. Біз күттік, ғажайыпқа сендік. Өкінішке орай, күткеніміз болмады», - дейді спортшы Дмитрий Карпов.

Сонымен бірге президент Н.Назарбаев, қала әкімі Б.Байбек Тендер әулетіне қайғырып, көңіл айтқан жеделхатын жіберген.

Алматыдағы мұсылман медресесінің шәкiрттері мен ұстаздары да мәнерлеп сырғанаушымен қоштасуға келіпті.

«Мен 80 жастамын. Оның әрбір жарысын үзбей қарайтынмын. Талай рет еліміздің көкбайрағын желбіретті. Қатты қайғырдық, жыладық», - дейді Алматыда тұратын Бекжан ата.

Қоштасу рәсімі аяқталған соң, Денис Теннің орындауындағы ән қосылды, жиналғандар үзіліссіз қол шапалақтады.