ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің қазасына байланысты бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне жүгінді.

«Оқыс өлім, қапыдағы қисынсыз жазым баламыздай-ақ жанның өлімі баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. 25 жыл ғұмырында өзін де, елін де әлемге танытып үлгерген Денис қазақ спортында із қалдырған ерен еңбек иесі еді. Ортаға өнерімен ғана емес, мінезімен сыйған жайдары жайсаң бейнесін еске алушыларда есеп болмай жатыр. Барша Қазақстан халқына, Денис ініміздің туыстарына қайғырып көңіл айтамын», — деді Тілеухан.

Сонымен қатар, депутат өз құзіретін пайдаланып, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР Ішкі істер министрлігіне көлік және көлік бөлшектерінің ұрлығы секілді «ұсақ-түйек» қылмыстарға назар аударуды сұрады.

«Құзырлы органдар ашылмаған қылмыстар бойынша арнайы талдау жасауды, қалыптасқан жағдайды жіті назарға алуы қажет деп санаймын. Сондай-ақ, қолданылған бөлшектер саудасына қатаң тексеру мен бақылау керек. Қаладағы бейнебақылау құрылғылары тек айыппұлдарды реттеу үшін емес, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Дер кезінде қажетті шаралар қолданылып, өз жұмысына немқұрайлы қараған тәртіп қызметкерлері болса, тиісті жазасын алады деп сенім білдіремін», - деп жазды депутат.