WBC Головкинге өз қарсыласын анықтау үшін турнир өткізуді ұсынды

Дүниежүзілік бокс кеңесінің президенті (WBC) Маурисио Сулейман қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинге (35-0, 32 КО) қарсылас табу үшін орта салмақтағы мықтылар арасында турнир ұйымдастыру туралы ұсыныс жасады.

BNews.kz ақпараттық порталының мәлімдекінше, Сулейман Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) мен Халықаралық бокс федерациясына (IBF) хат жазып, Геннадий Головкиннің келесі жекпе-жегіне қарсылас табудың тың жолын ұсынды.

«Қазір біз Головкиннің белбеулеріне міндетті үміткерді анықтаудың амалын қарастырып жатырмыз. Осы тұрғыдан алғанда, мен WBA және IBF ұйымдарымен келісе отырып, орта салмақтағы мықтылар арасында турнир өткізсек орынды болар еді деп ойлаймын. Бұл тек ұсыныс қана, ал WBA және IBF ұйымдары қандай шешім қабылдайтыны белгісіз», - дейді М.Сулейман.

Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареске (47-1-1, 33 КО) тиесілі WBC чемпиондық белбеуінен міндетті үміткер болған еді. Алайда, Альварес отандасымызбен кездесуден бас тартып, белбеуді ерікті түрде босатты.

«Дегенмен, Альварес түптің-түбінде Головкинмен кездесуге келісімін береді деп үміттенемін. Мұны бүкіл әлем тағатсыздана күтіп отыр. Мексикалық боксшы мен оның командасын мінеуден, әрине, аулақпын. Олар қандай шешім шығарса да оған құрметпен қараймын», - дейді WBC президенті.

Айта кетейік, орта салмақтағы бүкіл белбеуді біріктіруді мақсат еткен боксшымыз бүгінге дейін WBA (Super), IBO, WBC және IBF белбеулерін иеленіп үлгерді. Соңғы WBO чемпиондық белбеуі британиялық Билли Джо Сондерсте. Британиялық боксшы Головкинмен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлім етті. Егер қос боксшының командасы өзара келісімге келіп жатса, 2016 жылдың соңына дейін бұл кездесу де өтіп қалуы әбден мүмкін.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или