Андрей Шутовтың сейві ҚХЛ-дің үздік 10 сейві қатарына енді
«Барыстың» қақпашысы керемет ойынымен Құрлықтық хоккей лигасын таңғалдырды, деп хабарлайды Prosports.kz.
«Барыстың» жаңадан қосылған америкалық шабуылшысы Джастин Бэйли де әсерлі ойын көрсетіп жүр. Ал маусымды елордалық клубтың екінші қақпашысы ретінде бастаған Андрей Шутов тамаша бабында екенін дәлелдеді.
Қақпашы әзірге астаналық клуб сапында үш матчқа қатысып, керемет статистика тіркеді:
«Металлург» – Шутов Шепардты алмастырып, 17 соққының 17-сін қайтарды.
«Локомотив» – 36 соққының 36-сын қайтарды.
«Динамо» (Мәскеу) – 38 соққының 37-сін тойтарды.
Осылайша, Шутов 91 соққының 90-ын қайтарып, сенімділік коэффициенті 0,35-ті құрады.
Шутов тек сенімді ойын көрсетіп қана қоймай, әсерлі сейвтерімен де көзге түсіп жүр. Мәселен, оның «Локомотивке» қарсы матчтағы сейві ҚХЛ тұрақты чемпионатының екінші аптасындағы қақпашылардың үздік 10 сейві қатарына енді.