Путинцева әлемнің 12-ракеткасын жеңді
Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатындағы алғашқы кездесуін сенсациялық жеңіспен бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Әлемдік рейтингте 84-орында тұрған қазақстандық теннисші Нью-Йорктегі турнирдің бірінші айналымында WTA рейтингінің 12-ракеткасы, Швейцария өкілі Белинда Бенчичті қарсылығын 4:6, 7:5, 6:3 есебімен ұтты.
Қазақстандық теннисші үшін матч оңай болған жоқ. Бенчич алғашқы сетте жеңіске жетіп, есепте алға шықты. Алайда Путинцева қарсыласының басымдығын одан әрі дамытуына мүмкіндік бермеді. Екінші партияда Юлия тізгінді өз қолына алып, есепті теңестірді. Ал шешуші сетте швейцариялық теннисшіден басым түсіп, жеңіске жетті.
Теннисшілер кортта 2 сағат 51 минут өткізді. Осы уақыт ішінде қазақстандық спортшы алты эйс жасап, Бенчичтің сервисін бес рет бұзды және төрт қос қателік жіберді. Ал швейцариялық теннисші бірде-бір эйс жасай алмады, екінші доп беруде тоғыз рет қателесіп, жеті брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.