Қазақстан футбол федерациясында ауыс-түйіс орын алды
Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, футбол функционері Давид Лория Қазақстан футбол федерациясындағы қызметін аяқтағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Маманның айтуынша, ҚФФ президенті Марат Омаров вице-президент қызметінде қалуды ұсынған. Алайда тараптардың футболды дамыту мен кейбір өмірлік құндылықтарға қатысты көзқарастары сәйкес келмеген.
«Бүгін мен Қазақстан футбол федерациясындағы қызметімді аяқтау туралы шешім қабылдадым. ҚФФ президенті Марат Омаров маған вице-президент қызметінде қалуды ұсынды. Алайда футболды дамытуға қатысты көзқарастарымыз бен өмірлік ұстанымдарымыз кейбір мәселелерде сәйкес келмейтіндіктен, бұл ұсынысты қабылдамадым», – деді Лория.
Сонымен қатар, ол федерациядағы жұмысы барысында маңызды жобалар жүзеге асырылып, қазақстандық футболдың мәселелерін терең түсінуге мүмкіндік алғанын атап өтті және алдағы уақытта да ел футболының дамуына үлес қоса беретінін жеткізді.
Лория бас хатшы қызметіне өткен жылдың сәуір айында тағайындалған еді. Осы жылдың наурыз айында бұл лауазымды босатуға мәжбүр болды және қазірге дейін вице-президент қызметін атқарып келген болатын.
Енді бүгіннен бастап Давид Лория «Жеңіс» футбол клубының бас директоры қызметін атқаратын болады.
Мереке қарсаңында ұлттық құрама футболшылары бүлдіршіндермен кездесті