Қазақстандық теннисші аралас жұптар сайысында жеңіске жетті
30 мамыр күні «Ролан Гаррос» турнирінде аралас жұптар арасындағы жарыстың екінші айналым матчтары өтті, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстанның үздік жұптық теннисшісі Анна Данилина америкалық Джеймс Трейсимен бірге кортқа шықты.
Қазақстандық-америкалық жұп австриялық Лукас Мидлер мен норвегиялық Ульрикке Эйкериге қарсы ойнады.
Данилина мен Трейси алғашқы сетте сенімді ойын көрсеткенімен, екінші партияда қарсыластарына мүмкіндік беріп қойды.
Алайда шешуші супер тай-брейкте олар жеңісті өз пайдасына шешті.
Осылайша Анна Данилина мен Джеймс Трейси турнирдің ширек финалына ойын нәтижесі бойынша шыққан алғашқы жұп атанды.
Бұған дейін америкалық Эйша Мұхаммад пен хорватиялық Никола Мектич қарсыластарының жарыстан бас тартуына байланысты ширек финалға жолдама алған болатын.