Ұлттық құрама Армения және Венгрияға қарсы ойнайды
Қазақстан ұлттық құрамасы Армения және Венгрияға қарсы жолдастық кездесулер алдында Шымкентте оқу-жаттығу жиынын бастады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Команда 29 мамырдан бастап жаттығуға кірісті. Жиын 4 маусымға дейін жалғасады, одан кейін футболшылар сырт алаңдағы ойындарға аттанады.
6 маусымда Қазақстан құрамасы Ереванда Армениямен кездеседі. Ал 9 маусымда Талғат Байсуфинов шәкірттері Венгрияға қарсы матч өткізеді.
Алдағы ойындарға ұлттық құраманың бас бапкері 25 футболшыны шақырды. Құрамға Ресейдің «Ахмат» клубында өнер көрсететін Максим Самородов пен Ғалымжан Кенжебек, «Зенит» қорғаушысы Нұралы Әліп және «Қайраттың» жас шабуылшысы Дастан Сәтпаев та енді.
Айта кетелік, жаттықтырушылар штабы бұл матчтарды алдағы ресми кездесулерге дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырып отыр.