Қазақстандық теннисші ыстық ауа райының әсерін айтты
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина «Ролан Гаррос»-2026 турниріндегі күтпеген жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда украиналық Юлия Стародубцеваға 6:3, 1:6, 6:7 (4:10) есебімен есе жіберген болатын.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Рыбакина ыстық ауа райы ойынға айтарлықтай әсер еткенін айтты.
Оның сөзінше, физикалық тұрғыдан өзін өте нашар сезінбеген. Бірақ кортта қажетті энергия жетіспегенін мойындады.
Сондай-ақ қазақстандық спортшы допты бақылау қиын болғанын және қозғалыстың ырғаққа түспегенін айтты.
Рыбакина мұндай ыстықта допты бақылау өте қиын екенін атап өтті. Әсіресе өзінің агрессивті әрі жылдам стильде ойнайтынын ескерсек, қолдың жұмысы мен допқа айналу беру жеткіліксіз болған жағдайда қателік көбейетінін жеткізді.
Теннисшінің айтуынша, осындай жағдайда шыдамдырақ ойнап, допты көбірек айналдырып, торға жиі шығу қажет болған. Алайда матч барысында қателіктер тым көп болғандықтан, ол ойын жоспарын толық жүзеге асыра алмаған.
Айта кетейік, үшінші айналымда Юлия Стародубцева қытайлық Ван Сиюймен кездеседі.