Украиналық боксшы келесі жекпе-жегін 2026 жылы өткізуі мүмкін
Үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Василий Ломаченко ұзақ үзілістен кейін кәсіпқой рингке қайта оралуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Prosports.kz инсайдер Майк Коппинджерге сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, украиналық боксшы келесі жекпе-жегін 2026 жылдың күзінде өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Қазіргі таңда Ломаченконың Top Rank компаниясымен келісімшарты аяқталған. Сондықтан енді ол кез келген промоутермен келіссөз жүргізе алады. Айта кетейік, украиналық спортшы тек дивизиондағы ең мықты қарсыластармен жұдырықтасуға қызығушылық танытып отыр.
38 жастағы Василий Ломаченко соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың мамыр айында өткізген. Сол кездесуде ол Джордж Камбосос кішіні жеңіп, жеңіл салмақтағы IBF чемпионы атанған еді.
Ломаченконың кәсіби мансабында 18 жеңіс және 3 жеңіліс бар.