Қазақстандық теннисші өз ойынына баға берді
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина қазіргі нәтижелеріне қарамастан, әлі мансабының ең жоғары деңгейіне жетпегенін айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Оның сөзінше, басты назар рейтингке емес, «Үлкен дулыға» турнирлеріндегі жеңістерге бағытталған. Сонымен қатар әр маусым өзіндік даму процесі екенін атап өтті.
Рыбакина 2022 жылмен салыстырғанда өзгеріс бар екенін мойындағанымен, әлі де өзінің ең үздік формасында емес екенін жеткізді. Ол ойын деңгейін одан әрі жақсартуға ниетті екенін айтты.
Айта кетейік, жуырда қазақстандық теннисші Штутгарттағы WTA 500 турнирінде жеңіске жетті. Бұған дейін биыл Аустралия ашық чемпионатында да топ жарған еді. Сонымен қатар оның мансабында Уимблдондағы жеңіс және Индиан-Уэллс пен Рим турнирлеріндегі титулдары бар.