Азия чемпионаты: Күрес түрлерінен ұлттық құрама бапкерлері доданы қорытындылады

Азия чемпионаты: Күрес түрлерінен ұлттық құрама бапкерлері доданы қорытындылады

Қырғызстанның Бішкек қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ұлттық құрама балуандары аталған байрақты бәсекеде жеті медаль жеңіп алды, оның біреуі алтын. Қазақстан құрамасының бас бапкерлері Olympic.kz сайтына берген сұхбатында құрлық біріншілігін қорытындылады.

Бішкектегі (Қырғызстан) Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде грек-рим күресінің балуандары ел қоржынына бірнеше медаль салды. Атап айтқанда, Алматбек Аманбек (72 келіге дейін) алтыннан алқа тақса, Ибрагим Магомадов (82 келіге дейін), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келіге дейін), Ислам Евлоев (97 келіге дейін) жарысты қола жүлдемен аяқтады. Осы орайда, ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы балуандардың өнеріне баға берді.

"Азия чемпионатына құраманың негізгі балуандары толық қатысқан жоқ. Сондықтан нәтиже де соған сай болды. Жоспар бойынша 1 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлде алу көзделген еді. 82 келіге дейінгі салмақта күрескен Ибрагим Магомадовтың финалға шығуға мүмкіндігі жоғары болды. Жартылай финалда жақсы белдесті. Алайда басымдықты сақтай алмай, жеңісті жіберіп алды. Ал 55 және 63 келі салмақ дәрежелеріндегі балуандарымыз сенімді ақтамады. Екеуі де былтыр желтоқсанда өткен ел чемпионатында топ жарған болатын. Загребтегі турнирде де бақ сынады, бірақ онда да айтарлықтай нәтиже көрсете алмады.

Ал жалпы, бұл жарысқа ел чемпионатында жеңіске жеткен балуандар барды. Тек 77 келідегі Мерей Мәулетқанов Қазақстан кубогына дайындалу үшін Азия чемпионатына қатысқан жоқ. Сондай-ақ Айдос Сұлтанғали, Мейіржан Шермаханбет, Демеу Жадыраев секілді балуандар қазір ел кубогына дайындалып жатыр. Біз әр жарысқа алтын медаль үшін барамыз.  Бұл жолы да сол міндет орындалды. Дегенмен бұл Азия чемпионатына ерекше мән берілген жоқ. Балуандар жыл бойы бірқалыпты жоғары деңгейде бола бермейді. Сондықтан басты мақсат - Азия ойындарына дейін спортшыларды бабына келтіру", - деді маман.

Еркін күрес шеберлері де екі мәрте жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Азамат Дәулетбеков (92 келіге дейін) және Едіге Қасымбек (125 келіге дейін) қола медаль еншіледі. 

"Азия чемпионатын екі қола жүлдемен аяқтадық. Қазір Азия балуандары әлем үздіктерінің қатарында. Оған қоса күрес мәнері өзгерген. Біз соған қарай дағдылануымыз қажет. Балуандарымыз өте жақсы, еңбекқор. Мүмкіндіктері де жеткілікті, бірақ кейбір спортшылар лайықты деңгейде өздерін аша алмады. 

Азия чемпионатына іріктеу 2025 жылғы Қазақстан чемпионаты нәтижесінде жасалды. Ел чемпионатын ұтқан балуандарды апардық. Қазіргі таңда ұлттық құрама көшбасшылары Азия ойындарына іріктеуге дайындылуда. Бір айдан кейін Алматы қаласында Қазақстан кубогы өтеді. Сол жерде балуандар іріктеліп, келесі жарыстарда өнер көрсететін спортшылар анықталады", - деді бас бапкер Данияр Қайсанов.

Бұрымды балуандарымыздың арасында Гүлмарал Еркебаева 76 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Осылайша әйелдер құрамасы сары құрлық біріншілігін бір медальмен аяқтады. Жарыстан соң, бас бапкер Нұрсұлтан Теміров балуандардың өнерін бағалап іріктеу жүйесі жайлы айтты.

"Азия чемпионатында желтоқсан айындағы ел біріншілігінде топ жарған балуандар өнер көрсетті. Жалпы нәтиже көңіл қуантарлық емес. 

Дегенмен алда жұмыс жүйелі түрде жалғасады. Жақын арада ел кубогы өтеді. Қазір әр спортшы өз өңірінде дайындық жүргізіп жатыр. Сол жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады. Одан кейін Әзірбайжанда оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылады. Артынша екі бірдей әлемдік рейтингтік турнир күтіп тұр: алғашқысы Моңғолияда, екіншісі Венгрияда өтеді. Құрама сол жарыстарда өнер көрсетеді. Содан кейін Венгрияда балуандарымыз он күндік бірлескен оқу-жаттығу жиынына қатысады.

Осы турнирлердің нәтижесіне қарап, кімнің әлеуеті мықты сол балуан Азия ойындарына баратын құраманың тізіміне енеді", - деп түйіндеді бапкер.

Қазақстандық балуандар Азия чемпионатында жеті медаль еншіледі

Қазақстандық классиктер Азия чемпионатында төрт медаль еншіледі

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или