Еркін күрестен әлем чемпионатын Қазақстан құрамасы неше медальмен аяқтады
Күрес түрлерінен Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында еркін күрес жарыстары аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық балуандар финалға шыға алмады. Нұрқожа Қайпанов (70 келіге дейін) алтынға бір қадам жетпей қалды.
Ол жартылай финалда моңғолиялық Тулга Тумур Очирға есе жіберді. Алайда Нұрқожа үшінші орын үшін өткен белдесуде молдовалық Василий Дьяконды жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.
Тағы бір балуанымыз Асылжан Есенгелді де (61 келіге дейін) үшінші орынды қанағат тұтты. Отандасымыз қола жүлде үшін өткен кездесуде америкалық Джексон Форресті қапы қалдырды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем чемпионатын екі қола медальмен аяқтады. Ал Камиль Қуруглиев (92 келіге дейін) бесінші орынға тұрақтады.
Бұған дейін Ризабек Айтмұхан еркін күрестен әлем чемпионатының алғашқы айналымында жеңіліп қалған еді.
Әйелдер күресінен әлем чемпионатының екінші күнінде қазақстандық балуандар қалай өнер көрсетті?