Биыл қандай бәсекелер күтіп тұр

2016 жылы спортсүйер қауымды әлемдік деңгейдегі ірі турнирлер күтіп тұр. Қазақстандық спортшылар да түрлі халықаралық додаларда еліміздің намысын қорғамақ. «PROСПОРТ» тілшісі 2016 жылы біздің спортшылар қатысатын әлемдік турнирлерге тоқталып өтті.

Қысқы спорт түрлерінен қазақстандықтардың мақтанарлық жетістіктері көп емес. Бірақ еліміздің әнұранын талай жарыста шырқатып жүрген Денис Тен секілді мәнерлеп сырғанаушыларымыздан күтеріміз мол. Мысалы, ақпан айының 16-21 жұлдызы арасында Қытайлық Тайпэйде мәнерлеп сырағанаудан Төрт құрлық чемпионаты өтеді. Айта кетейік, былтыр осы турнирдің ерлер арасындағы жекелей сынында Денис Тен жеңімпаз атанған болатын. Одан бөлек, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты болмақ. Бостон қаласында 28 наурыздан 3 сәуірге дейін жалғасатын жарыста Қазақстанның намысын екі спортшы қорғайды.

Сонымен қатар, конькимен жүгіру спортынан әлем чемпионаты өтеді. Алдымен 11-14 ақпанда Ресейдің Коломна қаласында жеке қашықтық бойынша жарыс болмақ. Артынша наурыздың 5-6 жұлдызында Берлинде классикалық көпсайыс бойынша әлем чемпионаты өтеді.

Қысқы спорт түрлерінен әлем чемпионаттары мұнымен біткен жоқ. 3-13 наурыз арасында норвегиялық Хольменколленде биатлоншылар әлем чемпионы атағына таласады. Бұл биатлоннан Әлем кубогы кезеңдерінің бірі болып саналады.

6-22 мамырда Ресейдің қос қаласында шайбалы хоккейден әлем біріншілігі өтеді. Мәскеу мен Сан-Петербор қалаларына әлемнің үздік 16 құрамасы жиналмақ. Еуропадан 13, Солтүстік Америкадан 2 және Азиядан бір ғана мемлекет қатысады. Сол сары құрлықтың жалғыз өкілі – Қазақстан құрамасы. Былтыр бірінші дивизионда бірінші орын алған біздің хоккейшілеріміз ТОП-дивизионға қайта оралды.

Қысқы спорт түрлерінің әлем чемпионаттарына қысқаша шолуымыз осындай. Биыл жазғы спорт түрлерінен де бірнеше әлемдік жарыстар болмақ. 16-28 мамыр арасында Қазақстан тұңғыш рет бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын қабылдайды. Астанада Рио Олимпиадасының үш категориясына лиценция беріледі.

Велоспортта да Қазақстан мықты елдердің біріне жатады. Сондықтан «Astana Pro Team» қатысатын үлкен жарыстарға тоқталып өтсек. Мамырдың 6-сында Джиро д‘Италия велокөпкүндігі басталады. Апелдорн қаласынан бастау алатын дода 29 мамырда Туринде мәресіне жетеді. Былтыр Джирода «Астана» шабандоздары Фабио Ару екінші, Микель Ланда үшінші орын еншілесе, елордалық клубтың өзі командалық есепті бірінші сатыдан көрінген болатын. Сонымен қатар, 2 шілдеде Мон Сен-Мишельде Тур де Франс басталады. Бұл жарыс шілденің 24-ші жұлдызында дәстүрлі түрде Парижде аяқталады.

Ал жазда футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының іріктеу кезеңдері басталады. Былтырғы «Астана» мен «Қайраттың» жемісті ойындарынан кейін 2016 жылы да еурокубокта біздің командалар жақсы нәтиже көрсетеді деп күтейік. Сонымен қатар, 4 қыркүйекте 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталады. Қазақстан құрамасы Румыния, Дания, Польша, Черногория және Армениямен бір топта өнер көрсететінін естеріңізге саламыз.

Қарашада самбодан әлемдік жарыс өтеді. 3-7 қараша арасында Болгарияда самбошылар кім мықтыны анықтамақ. Естеріңізде болса, былтырғы әлем біріншілігінде қазақстандықтар табысты өнер көрсеткен еді. Бейімбет Қанжанов, Алмас Сүлейменов және Арман Оспанов алтын жүлде иеленген болатын.

Ал биылғы жылдың ең маңызды оқиғасын соңына қалдырдық. 5-21 тамыз арасында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жазғы Олимпиада ойындары өтеді. Төрт жылда бір келетін аталмыш дода 33 спорт түрінен болады. Оның ішінде, көптен бері Олимпиадаға қосылмай жүрген регби-7 және гольф ойындары кірді.

Міне, биылғы әлемдік жарыстардың қысқашасы осындай. Қай турнир болса да, қазақ спортшылары намысымызды жібермесін деп тілейік.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или