Жәнібек Әлімханұлы Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді

Орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы WBC чемпионы, доминикандық Карлос Адамеспен жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Prosports.kz
«Маған үшінші титул керек! Қазір мені басқа ешқандай жекпе-жек қызықтырмайды. Тек үшінші белбеу үшін өтетін айқас керек!
Карлос Адамес, мен менеджеріме сенімен ғана жекпе-жекке шығатынымды айттым. Енді кезек сенде. Өзіңнің командаңмен сөйлесіп, бұл жекпе-жекті жүзеге асырайық. Ешқандай сылтау болмасын, ешқандай кешігуге жол жоқ. Жанкүйерлерге қалағандарын сыйлайық!» — деп жазды Жәнібек Әлімханұлы.
Бесінші сәуір күні Астанада өткен бокс кешінде Жәнібек франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBF чемпиондық белбеулерін сәтті қорғаған болатын.