Тоғыз бұрымды боксшымыз финал жолдамасы үшін жекпе-жек өткізеді
Бүгін Черногорияның Будва қаласында бокстан қыздар арасында халықаралық «Адрия інжуі» турнирінің жартылай финалы өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Мамандар арасында аталған турнир жастар әлем кубогы мәртебесін иеленген. Оған дүниежүзінің көптеген елінен былғары қолғап шеберлері келеді.
Жартылай финалда еліміздің атынан тоғыз боксшы сынға түседі. Олардың қатарында Рахмина Абдумежитова (52 келі), Ақнұр Тұрсынғали (57 келі), Регина Тибенова (57 келі), Толғанай Қасымхан (60 келі), Алина Құдайгенова (63 келі), Айсұлу Мұхит (66 келі), Ақбота Есімбекова (66 келі), Мария Сидоренко (70 келі), Сабина Жақсылық (80 келіден жоғары) бар.
Жартылай финалдық жекпе-жектер Қазақстан уақыты бойынша 18:00-де басталады.
Аға бапкер Жангелді Ахметов 3-9 наурыз аралығында өтіп жатқан бәсекеге 11 салмақта 14 боксшыға сенім артқан еді.