Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырханның жарақаты туралы айтылды
Бокстан ұлттық құрама бапкері Қайрат Сәтжанов жақында ғана аяқталған, Болгарияның София қаласында өткен «Странджа» кубогын қорытындылап, жарақат алған боксшылар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан мен Санжар Тәшкенбай жарақатына байланысты бұл турнирге қатыса алмаған еді. Махмұд Сабырхан денсаулығына байланысты алғашқы жекпе-жекке шықпай қалса, Санжар Тәшкенбай жекпе-жек кезінде жарақат алып қалды.
Бас бапкер екі боксшы да алтынға үміткер еді дейді:
«Санжар Тәшкенбай мен Махмұд Сабырхан алтын медальға қол жеткізе алар еді. Бірақ 48 келі салмақта өнер көрсететін Санжар өзінің бірінші жекпе-жегінде саусағын шығарып алғанына байланысты жарысты жалғастыра алмады. Жарысқа бір күн қалған кезде Махмұд Сабырхан тағамдық инфекцияға байланысты жекпе-жекке шыға алмады. Дәрігерлердің айтуынша, спортшының жүрегі айнып, қызуы көтерілген. Нәтижесінде 3 наурызға дейін спортпен шұғылдануға болмайды деген анықтама берді.
Одан бөлек, 92 келі салмақ дәрежесінде Сағындық Тоғамбай дайындық барысында саусағын сындырып алған болатын. Сондықтан ол жарысқа қатыса алмады», - деді Қайрат Сәтжанов..