«Странджа кубогі»: Бүгін шаршы алаңға шыққан бес боксшымыздың төртеуі келесі кезеңге өтті
Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогінің» үшінші жарыс күнінде Қазақстан ерлер құрамасынан бес боксшымыз шаршы алаңға шықты, деп хабарлайды Prosports.kz.
Алғаш болып рингке 71 келіге дейінгі салмақта Фарух Тоқтасынов шықты. Отандасымыз ағылшындық Патрик Хейвитті 5:0 есебімен айқын жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
86 келіге дейінгі салмақта Нұрбек Оралбай мен Бекзад Нұрдәулетов екінші жеңістеріне қол жеткізіп, жартылай финалға шықты. Бекзад француз Абулайе Траорені 5:0 есебімен жеңді, ал Нұрбек ағылшын боксшысы Скотт Тигнды 5:0 есебімен ұтты.
92 келіден жоғары салмақта шаршы алаңға шыққан ұлттық құрама капитаны Айбек Оралбай екінші жекпе-жегінде ирландиялық Годстайм Идемудианы 5:0 есебімен жеңді.
Дәл осы салмақта бокстасқан тағы бір отандасымыз Нұрлан Сапарбай турнирдегі бірінші жекпе-жегінде қытайлық Ван Чжэньвэйге 0:5 есебімен есе жіберді.
Осылайша бүгін шаршы алаңға бес боксшымыздың төртеуі келесі кезеңге өтті.