Қазақстан құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында екі бақылау матчын өткізеді
Қазақстан ұлттық құрамасы Түркиядағы оқу-жаттығу жиыны аясында екі бақылау матчын өткізеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Алғашқы кездесу бүгін, 14 ақпан күні Өзбекстанның «Локомотив» (Ташкент) клубына қарсы өтеді. Бапкерлік штабтың шешімімен бұл ойын жабық режимде ұйымдастырылады. Ойынның басталуы – 20:00-де (Қазақстан уақытымен).
Екінші бақылау ойынында Қазақстан құрамасы 17 ақпан күні Корей Халық-Демократиялық Республикасы (КХДР) құрамасымен кездеседі. Бұл матч Қазақстан уақытымен 19:00-де басталады. Тікелей эфир жайлы қосымша ақпарат береміз.
КХДР құрамасы – 1966 және 2010 жылғы әлем чемпионаттарының қатысушысы. Сонымен қатар, 2010 және 2012 жылдары АФК Шақыру кубогында жеңіске жеткен.
Оқу-жаттығу жиыны Түркияның Белек қаласында 18 ақпанға дейін өтеді. Жиынның негізгі мақсаты ұлттық құрамаға үміткерлерді қарау. Сондықтан бапкерлік штаб бұл жиынға ұлттық құрамаға үміткерлер мен жас ойыншыларды шақырды.