«Канелоның» келесі қарсыластары аталды
Төрт салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Сауль «Канело» Альварес Riyadh Season-мен төрт жекпе-жекке келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды Prosports.kz.
Сауд Арабиясының Көңіл көтеру істері басқармасының басшысы Турки Әл аш-Шейх әлеуметтік желіде жариялаған видеосында бұл келісімшарт аясындағы алғашқы жекпе-жек мамыр айында өтетінін мәлімдеді. Канелоның қарсыласы Джейк Пол болмайды (онымен жүргізілген келіссөз, болжам бойынша, саудиялықтардан тиімді шарттар алу үшін пайдаланылған). The Ring мәліметінше, ықтимал қарсыластардың қатарында екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпион Джермалл Чарло мен өткен жылдың соңында Хайме Мунгияны нокаутқа түсірген француз Бруно Сурас бар.
Қыркүйек айында Канело төрт салмақ дәрежесіндегі әлем чемпионы Теренс Кроуфордпен жекпе-жек өткізуге тиіс. Кроуфорд бұл айқасқа дайын екенін әлеуметтік желі арқылы растады.
Қалған екі жекпе-жек 2026 жылдың ақпанында (ықтимал қарсыластар – Дмитрий Бивол, Крис Юбэнк-кіші және Хамза Шираз) және қазанында өтеді.
Кроуфордпен айқастың Лас-Вегаста өтуі жоспарланған, ал келісімшарт аясындағы қалған жекпе-жектер Эр-Риядта ұйымдастырылады.