Әлемнің үздік теннисшісі Дэвис Кубогында ойнамайды
«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 мәрте жеңімпазы, сербиялық теннисші Новак Джокович Дэвис Кубогының 2025 жылғы алғашқы кезеңіне Сербия құрамасына енбеді. Бұл туралы Sportklub.rs сайтына сілтеме жасап Prosports.kz хабарлайды.
31 қаңтар мен 1 ақпан аралығында Сербия құрамасы Даниямен кездеседі. Сербия сапында Миомир Кецманович, Хамад Меджедович және Ласло Джере ойнайды. Ал Дания құрамасы атынан команданың көшбасшысы, әлемнің 13-ракеткасы Хольгер Руне, сондай-ақ Эльмер Мёллер мен Аугуст Хольмгрен өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 2025 жылғы Australian Open жартылай финалында Джокович жарақатына байланысты матчтан бас тартқан болатын. Алғашқы сетте 6:7 (5:7) есебімен жеңілген Новак жарақаттың себебі – жамбас бұлшықетінің жыртылуы екенін мәлімдеп, МРТ суретін әлеуметтік желіде жариялады.