Рио Олимпиадасына Қазақстан қанша жолдамаға ие болды?

Жазғы Олимпиаданың басталуына жылға жетпейтін уақыт қана қалды. Нақтырақ айтсақ, тура 9 айдан кейін, тамыздың 5 күні Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанады.

Әлем назарын өзіне еріксіз бұратын төртжылдық додаға төрткүл дүниенің кіл мықтылары қатысатыны анық. Қазірдің өзінде әр мемлекет осы дүбірлі дода үшін берілетін санаулы жолдамаларды барынша өз қоржындарына жинап қалуға тырысып бағуда. Қазақстандық спортшылар да Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын бірқанша әлемдік додаларда бақтарын сынап, қазірге дейін спорттың 10 түрінен 41 жолдамаға иелік етті.

Әр спорт түрін тарқатып, жеке-жеке тоқталып өтейік. Бірінші, кеше ғана АҚШ-та өткен ауыр атлетикадан әлем біріншілігінен 10 жолдамаға иелік етіп қайтқан зілтеміршілерімізден бастайық.

Себебі, қазірге дейін Қазақстан спортшыларының ішінде ауыр атлеттеріміз ғана Рио Олимпиадасына берілетін жолдамалардың барлығын (10 жолдама, 6 ер, 4 әйел) толық иеленді. Енді олар жолдама мәселесіне алаңдамай, тек жаттығуға кірісіп, Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көрінуге күш салатын болады. Ал, нақтылы Риоға кімдердің баратынын алдағы уақытта бапкерлер құрамы анықтайтын болады. Естеріңізге сала кетейік, Хьюстондағы әлем біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасы 2 алтын, 2 күміс, 1 қола медальға қол жеткізіп, жалпы есепте 3 орынға табан тіреген болатын.

Қазірге дейін екінші көп жолдамаға иелік еткен спортшыларымыз - жеңіл атлеттер. Олардың еншісінде 9 жолдама бар. Жолдамаға иелік етіп Олимпиада ойындарына баратын жеңіл атлеттеріміз мыналар: Ольга Рыпакова, Виктория Зябкина, Ольга Сафронова, Гүлжанат Жанатбек, Михаил Красилов, Ирина Смольникова, Георгий Шейко, Ирина Эктова, Флорида Миниянова.

Ал үшінші көп жолдамаға иелік еткен спортшыларымыз - ескек есу спортының шеберлері. Олардың қоржындарында қазірге дейін 7 жолдама бар. Бір топта өнер көрсететін жігіттеріміз арасында Илья Голендов, Александр Емельянов, Дәулет Сұлтанбеков және Андрей Ергучев бір жолдама жеңіп алған болатын. Ал әйелдер арасында өтетін командалық сайыста Наталья Сергеева, Ирина Подойниковалар бір жолдамаға, ерлер арасында Алексей Дергунов, Евгений Алексеевтар бір жолдамаға иелік етті. Ал жекелей сындарда Инна Клинова, Зоя Ананченко, Сергей Токарницкий, Тимур Хайдаровтың төрт жолдамасын қосқанда жалпы 7 жолдама бар.

Ал қазақ жанкүйерлерінің сүйікті спортына айналып кеткен бокстан қазірге дейін 4 спортшымыз жолдамаға иелік етті.

Ең бірінші боксшыларымыздан АРВ жобасы аясында Астана төрінде 60 келіде Берік Әбдірахманов жолдаманы жеңіп алғаны есімізде. Одан кейін осы жоба аясында 49 келідегі Біржан Жақыпов екінші жолдамаға қол жеткізді. Үшінші жолдаманы WSB жобасы аясында 91 келіде Василий Левит жеңіп алған болатын. Ал төртінші жолдаманы Катардың бас қаласы Дохада бокс­тан ересектер арасындағы әлем чемпионатында 69 келіде Данияр Елеусінов қоржынымызға салды.

Енді Мырзағали Айтжанов баптайтын біздің былғары қолғап шеберлері Рио Олимпиадасына толық құрамда бару үшін қалған үш лицензиялық жарыста барынша табысты өнер көрсетулері керек. Алғашқы Олимпиадаға іріктеу турнирі 2016 жылы 23 наурыз бен 3 сәуір аралығында Қытайдың Цяньан қаласында Азия мен Тынық мұхит боксшыларының қатысуымен болады. Ал мамыр айында Болгария астанасы Софияда боксшылар WSB мен APB жобалары бойынша жолдамаға таласса, соңғы жалпы дүниежүзілік іріктеу шілденің 7-19 аралығында Бакуде өтеді.

Ал бесінші көп жолдамаға ие болған спортшыларымыз - құралайды көзге атқан мергендеріміз. Нысана көздеу спортынан Рашид Юнусметов, Владимир Исаченко, Юрий Юрков, Елизавета Король төртеуі төрт жолдамаға иелік етті. Ал садақ атудан ерлер арасында Сұлтан Дүзелбаев пен әйелдер арасында Луиза Сайдиева бір-бір жолдамаға иелік етті.

Грек-рим күресінен екі жолдама бар. Оны Досжан Картиков пен Алмат Кебіспаев жеңіп алды. Ал қазірге еркін күрестен жалғыз жолдама бар. Оның иесі - Артас Сана. Сондай-ақ, жүзу спортынан Дмитрий Баландин бір жолдамаға иелік етсе, қазіргі бессайыстан Елена Потапенко бір жолдама жеңіп алды.

Міне, бұл Қазақстан спортшыларының қазірге дейінгі Рио Олимпиадасына жеңіп алған 41 жолдамасы. Бұл жолдамалар санына жаңа жылға дейін әлі де өзгерістер енуі мүмкін. Өйткені 31 желтоқсанға дейін Риоға жолдама үлестіретін кейбір жарыстардың бар екенін естен шығармауымыз керек.

Ал 2016 жылы отандастарымыз 70 құрлықтық, 52 әлем кубогы кезеңдерінде бақ сынап, Рио Олимпиада ойындарының жолдамасына таласатын болады. Сондықтан, алдағы жыл нағыз бәсекеге толы жыл болатыны анық.

Қазақстан үшін Рио-де-Жанейро 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Тәуелсіз ел ретінде қатысқалы отырған жетінші Олимпиада ойыны болмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 1992 жылы XXV жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бұрынғы КСРО-ның 15 елі бірігіп «Біріккен команда» құрамында өнер көрсетті.

Ал жеке ел ретінде алғаш рет отандастарымыз жазғы Олимпиада ойындарына 1996 жылы қатысты. Атлантада (АҚШ) өткен додада еліміздің намысын 96 спортшы қорғады. 14 спорт түрінен жарыс жолына шығып, 3 алтын 4 күміс, 4 қола жүлде (жалпыкомандалық есепте 24-ші орын) еншілеп қайтты.

Араға 4 жыл сала Сиднейде өткен Олимпиадада ұлттық құраманың құрамы арта түсті. 130 спортшы 17 спорт түрінен бақ сынады. Онда жерлестеріміз 3 алтын, 4 күміс (жалпыкомандалық есепте 22-ші) еншіледі. 2004 жылы Афинада өткен Олимпиада Қазақстан құрамасы 17 спорт түрінен сынға түсіп, барған 119 спортшы 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль (жалпыкомандалық есепте 40-шы орын) иеленді.

2008 жылы Бейжіңде өткен додада еліміздің намысын 132 спортшы 22 спорт түрі бойынша бақ сынап, 2 алтын, 4 күміс, 7 қола еншілеп, жалпыкомандалық есепте 29-орынға тұрақтады.

Қазақстандық спортшылар ірі жетістікке Лондон Олимпиадасында қол жеткізді. 115 спортшымен аттанып, 20 спорт түрінен жерлестеріміз 7 алтын 1 күміс 5 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 12-ші орыннан көрінді. Бұл Қазақстан спортшыларының Олимпиада ойындарындағы бұрын-соңды болмаған рекорды.

Енді Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейродағы Олимпиадасына 27 спорт түрінен 110 спортшыдан артық құраммен баруды көздеп отыр.

Айта кетейік, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы 2016 жылдың 5-21 тамыз аралығында өтеді.

ҚазАқпарат

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или