«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Челсимен» болатын матчқа байланысты өз ойын айтты
«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян «Челсимен» болатын матч алдында баспасөз-маслихатына қатысып, қарсылас пен елордалық клубтың жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды Prosports.kz
Естеріңізге саламыз, ертең Алматыда елордалықтар Конференциялар лигасының негізгі кезеңінің төртінші туры аясында лондондық командамен шеберлік байқасады.
«Ағылшын премьер-лигасымен біздің чемпионатты салыстыру орынсыз. Челси өте мықты қарсылас. Деңгейіміз жер мен көктей, алайда, біздің футболшылар барын салады. Сенімдімін! Қарсылас Конференциялар лигасында үздік келеді. Өзінің біріншілігінде де «Ливерпульмен» үзеңгі қағыстырып тұр.
Алматыда мұндай дәрежелі ойын ешқашан болмаған. Иә, біз «Атлетико» Мадрид сияқты командаларды әкелдік. Ол бірақ Астанада болған ойындар. Ал Алматыда мұндай кездесу болған жоқ. Қарсыластың құрамы маңызды емес, кім келсе де ойнаймыз. «Челсиде» логистика тұрғысында ешқандай мәселе жоқ деп есептеймін. Біз бірақ өзіміздің жақсы қасиеттерімзді ойлап, солардың арқасында қарсыласқа тегеурінді қарсылық танытуымыз тиіс», - деді Г. Бабаян мырза.
«Астана» - «Челси» матчы 12-желтоқсанда Алматының «Орталық» алаңында болады. Кездесу 20:30-да басталады. Ойынға неміс төрешілері қазылық ететінін де қоса кетейік.