Сергей Липинец Лондонда жекпе-жек өткізеді
Prosports.kz сайтына белгілі болғандай, IBF нұсқасы бойынша жартылай орта салмақ дәрежесіндегі кәсіпқойлар арасындағы бұрынғы әлем чемпионы, қазақстандық Сергей Липинец келесі жекпе-жегін өткізетіні белгілі болды.
Ақтөбе облысы Мәртөк ауылында туған боксшының қарсыласы жеңіліп көрмеген 22 жастағы ұлыбританиялық проспект Адам Азим (12-0, 9 КО) болады.
Сергей алдағы кездесу туралы былай деді: «Қашан жұдырықтасатыным белгілі болды – 2025 жылы 1 ақпанда Лондонда. Қарсыласым – Адам Азим. Жас проспект, бойы ұзын, қимылы жылдам. Қуатты соққысы бар. Жақсы боксшы.
Лондонда – бокстың астанасында алғаш рет жұдырықтасамын, деп айтуға болады. Өкінішке қарай, бұрын хабарлай алмадым, себебі келісімшартта жекпе-жек күні ресми түрде жарияланбайынша, айтуға болмайды деп көрсетілген еді. Дайындықты бастап жатырмын. АҚШ-та көптен бері жекпе-жек күтіп жүрдім. Міне, ақыры анықталды. Өзімді жақсы бабымда ұстадым, жаттығып жүрдім. Енді толық дайындықты бастаймын».
35 жастағы Липинец (18-3-1, 13 КО) кейінгі жекпе-жегін биыл мамыр айында АҚШ-тың Плант-Сити қаласында өткізген. Ол ұлыбритандиялық боксшы Робби Дэвис-кішімен (24-5, 15 КО) кездесті. Тоғыз раундқа созылған кездесуде қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жеткен болатын.
