QFL Лига кубогының финалы Түркістанда өтетін болды
Түркістанда QFL Лига кубогының финалы өтеді, деп хабарлайды Prosports.kz
Түркістан қаласы «Жеңіс» пен «Астана» клубтары арасындағы QFL Лига кубогының финалын қабылдайды. Жалпы жүлде қоры рекордтық 1 миллион долларды құрайтын жаңа кубоктың иегері «Түркістан Арена» стадионында анықталады. Матч 23 қараша күні сағат 15:00-де өтеді.
Еліміздің 16 клубының қатысуымен өтіп жатқан QFL Лига кубогы осы жылдың 25 мамырында басталған болатын. Алғаш болып, финалға «Жеңіс» клубы шықты. Олар В тобында қостанайлық «Тобыл» (2:0) және қызылордалық «Қайсарды» (0:1) жеңіп, бірінші орын алды. Ал жартылай финалда Акис Вавалистің шәкірттері қос матчтың қорытындысы бойынша, алматылық «Қайратпен» (2:2) тең түсіп, пенальти сериясында (3:2) басым түсті.
Қазақстанның үш дүркін чемпиондарына қарсы еліміздегі ең көп титул иегері - «Астана» клубы ойнайды. Григорий Бабаянның шәкірттері топтық кезеңде ақтаулық «Каспий» (5:0) мен қарағандылық «Шахтерді» (2:4) жеңіп, D тобында көшбасшы болды. Жартылай финалда семейлік «Елімаймен» жолдары түйісіп, қос матчта да гол соғылмады (0:0). Тек пенальти сериясында ғана (3:1) елордалықтардың мерейі үстем болды.
Кубок иегері 90 миллион теңге сыйақы алса, финалиске 50 миллион теңге сыйақы табысталады.
Сондай-ақ, финалда жанкүйерлер үшін ұйымдастырушылар тарапынан мерекелік бағдарлама мен құнды сыйлықтар ұтысы күтілуде. Матчтың билеттері жақын арада сатылымға шығады. 2024 жылдың футбол маусымының аяқталуы мен QFL Лига кубогының финалындағы елордалық дербиді жіберіп алмаңыз!