Елордалықтар Жәмила Бақбергенованы әуежайдан қошеметпен қарсы алды
Күрес түрлерінен Албания астанасы Тиранада өткен олимпиадалық емес салмақ бойынша әлем чемпионатында 72 келіде күміс жүлдеге ие болған Жәмила Бақбергенованы туыстары, достары әуежайда қошеметпен қарсы алды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
Жәмила Бақбергенова – қазақ қыздары арасынан 4 мәрте жүлде алған алғашқы балуан. 72 келіде сынға түскен спортшы финалдық белдесуде бірнеше күн бұрын ғана 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 68 келіде ең үздік атанған жапон спортшысы Ами Ишиге есе жіберді.
Ал финалға дейінгі белдесулерде Жәмила Молдова спортшысы Эмилия Кречуннен, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері чехиялық Адель Ганзличковадан, Азия чемпионы моңғолиялық Болортуяа Зоригтаннан басым түскен болатын.
«Бұл турнирде барлық қарсыласыммен алғаш рет белдестім. Себебі олардың біршамасы 68 келіден көтерілді. Финалда бапкерімнің нұсқауымен жапон спортшысын күтуім керек еді. Ұпай жағынан алда тұрғанымен, бір ғана қателікпен есе жіберіп қойдым. Күміс медальға да жету оңай болмады. Енді әскерилер арасындағы әлем чемпионатына тыңғылықты дайындаламын. Жалпы өзімді 72 келіде жайлы сезінемін. Бойым да, дене бітімім де осы салмаққа сай», - деді Жәмила Бақбергенова.
Айта кетейік, аталған әлем чемпионатында спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс медаль еншіледі.