Әлемдік додада ел намысын қорғайтын теннисшілердің есімдері белгілі болды
Теннистен Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин 16-17 қарашада өтетін "Билли Джин Кинг кубогының" бірінші әлемдік тобында бақ сынайтын спортшыларымыздың тізімін жариялады.
- Қазіргі уақытта спортшыларымыз Корея құрамасына қарсы ойында өнер көрсетуге дайындалуда. Ұлттық құраманың тізіміне Елена Рыбакина, Зарина Дияс, Юлия Путинцева, Анна Данилина және Жібек Құламбаева кірді.
Құрамамыздың көшбасшысы Елена Рыбакина маусымның соңына дейін WTA-дің қорытынды турнирінде ойнауды жоспарлап отыр, оған ол жылдың басындағы жетістіктерінің арқасында іріктеліп өтті. Қазір Еленаның жағдайы жақсы, Эр-Риядта сенімді ойын көрсетсе, ол Кореяға қарсы матчта ойнауға толық дайын.
Зарина Дияс жақсы форма жинап, өткен аптада Түркиядағы турнирде жеңіске жетті. Біз оның қайта оралғанына қуаныштымыз.
Жұптық сында Анна Данилина Қытайдағы турнирде жеңіске жетіп, Астанадағы ойында да жұптық сайыста ойнауға дайын.
Жібек Құламбаева осы айда жұптық рейтингтегі ең жоғары көрсеткішіне көтерілді және оның құрама сапында ойнау тәжірибесі бар", - деді Юрий Щукин.